"Ресей Украинаны алса, келесі кезекте Қазақстан болар еді" – Досым Сатпаев
Саясаттанушы Ресей мен Украина арасындағы соғыс пен оның Қазақстанға әсері, сондай-ақ елдер арасындағы қарым-қатынас жөнінде пікір білдірді, деп жазды Zhasalash.kz.
Сарапшы Ресейдің Украинамен арақатынасын бағалап, елде жиі айтылатын "Украина біз үшін де соғысып жатыр" деген ақпаратты еске салды. Ресейдің жоспары қандай болуы мүмкін?
– Ресей 2014 жылы «Қырым біздікі» деген экспансиялық жобаны іске асыра бастаған сәтте, Ресейдің конфронтациялық сыртқы саясатына сараптама жүргізіле басталды, оның Қазақстанға қаншалықты қауіпті екені де сараланды. 2014 жылға дейін де, кейін де көптеген ресейлік саясаткерлер, журналистер, сарапшылар Қазақстанға қатысты арандатушылық ойлар айтты, оның көбі Қазақстанның солтүстік аумағына қатысты еді. Әрине, бұл Қазақстанға Ресей тарапынан төнетін қауіпке қатысты пікірталасты күшейтті. Украина соғысы басталғанға дейін бұл қауіп өте жоғары болды деуге негіз бар. Қазір біз Қазақстанда "Украина біз үшін де соғысып жатыр" дегенді жиі айтамыз. Өйткені егер Путин блицкриг жасап, Киевті бір аптада алып, орнына ресейшіл билікті қойса, сөзсіз келесі кезек Қазақстан еді.
Саясаттанушы ықтимал жағдайларда Ресей қандай тетіктерді қолдануы мүмкін екенін айтты.
"Ресейдегі стратегтер Ресей ықпалын арттыру, орыс әлемін нығайту дегенді ойлап тапқан сәтте, олар ең алдымен көршілес елдерден бастау керектігін ойластырды. Шекаралас елдерді айтамын. Беларусьпен Ресейдің қатынас онсыз да жақсы еді, оның үстіне одақтас ел дегенді тереңдете түсті. Украинаға да осы сценарийді ұсынып көрді, бірақ одан түк шықпады. Егер Украинада іске асса, одан кейін бізге келер еді. Олар Қазақстанда көптеген гибридтік тетіктерді қолдануы мүмкін еді. Бесінші колонна, экономикалық рычагтар және басқа дегендей.
Алайда Украина соғысы олардың жоспарын тас-талқан етті. Біріншіден, Украина Ресейдің әскери күшін әлсіретті, ал екіншіден Ресей тіпті Қазақстан мен Орталық Азияға тәуелді бола бастады. Өйткені «бейресми импорт» деп аталатын тауар түрлері Ресейге көбіне Орталық Азия арқылы кіріп жатыр. 2023 жылы Қазақстанға Батыстан, АҚШ, Ұлыбртания, ЕО елдерінен көптеген өкілдер келді. Олар антиресейлік санкцияларды күшейту мәселесін талқылап, бейресми импортты бақылауды күшейту керектігін айтуда.
Екіншіден, Қазақстанның өзге серіктестерінің әрекеттерін де айтуға тиіспіз. Түркия Түркі мемлекеттерінің ұйымы аясында бірқатар бастамаларды бастады. Тіпті Ердоғанның Қазақстанның аумақтық тұтастық пен тәуелсіздігіне кепілдік беретіні жайлы да сөздері бар. Сонымен бірге Қытай төрағасы Си Цзиньпин екі мәрте осыған ұқсас мәлімдеме жасады. Олар Қазақстанның аумақтық тұтастығына мүдделіміз дейді."
Бірақ бізді қазір Ресейдің әскери агрессиясына қарағанда экономикалық экспансиясы көбірек алаңдатады. Өйткені ресейлік компаниялар релокант болып келіп жатыр. Ресей азаматтарының саны да еселеп артты. Мысалы 2019 жылы 6 мыңға жуық ресейлік компания болса, қазір олардың саны 19 мыңға жеткен.