Ресей Украинаны Путиннің резиденциясына дронмен шабуыл жасады деп айыптады
Ресей Украина Қарулы күштерін президент Владимир Путиннің Новгород облысындағы резиденциясына дрон арқылы шабуыл жасауға әрекеттенді деп айыптады.
Бұл мәлімдемеден кейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украина мәселесіне қатысты келіссөздердегі Мәскеудің ұстанымы қайта қаралуы мүмкін екенін айтты. Ал Украина президенті Зеленський бұл айыптауларды «кезекті жалған ақпарат» деп атады.
Ресей сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 29 желтоқсанға қараған түні Украина Қарулы күштері Путиннің Новгород облысындағы резиденциясына 91 дронмен шабуыл жасауға тырысқан. Лавровтың айтуынша, барлық дрон әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері арқылы жойылған.
Министр Украина тарапынан жасалған бұл әрекеттер «жауапсыз қалмайтынын» мәлімдеп, Ресей жауап соққыларын қай нысандарға және қай уақытта жасайтынын алдын ала анықтап қойғанын айтты. Сонымен бірге Лавров Ресей АҚШ-пен Украина мәселесі бойынша келіссөздерден бас тартпайтынын, алайда Мәскеудің келіссөздердегі ұстанымы қайта қаралатынын атап өтті.
«Бұл әрекет Ресей мен АҚШ арасындағы Украина дағдарысын реттеу жөніндегі қызу келіссөздер кезеңінде жүзеге асырылды. Мемлекеттік терроризм саясатына көшкен қылмыстық Киев режимінің түпкілікті бет-бейнесін ескере отырып, Ресейдің келіссөздегі позициясы қайта қаралады», – деді Лавров қосымша түсініктеме бермей.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей сыртқы істер министрінің «Путиннің резиденциясына шабуыл жасалды» деген мәлімдемесін үзілді-кесілді жоққа шығарды.
«Бұл – Ресей Федерациясының кезекті өтірігі. Кеше менің Трамппен кездесуім болғаны белгілі. Егер Украина мен Америка арасында жанжал болмаса, егер бізде даму болса – бұл Ресей үшін сәтсіздік. Өйткені олар бұл соғыстың аяқталғанын қаламайды. Оны тек қысым арқылы ғана тоқтатуға болады. Менің ойымша, олар соғысты тоқтатпау үшін сылтау іздеп отыр», – деді Зеленский.
Оның айтуынша, Ресей бұл мәлімдемелер арқылы Киевтегі мемлекеттік мекемелерге жаңа шабуыл жасауға негіз дайындап жатыр.
«Олар қандай да бір резиденцияға шабуыл жасалды деген мәлімдемелер арқылы астанаға, тіпті мемлекеттік ғимараттарға соққы беру үшін ақпараттық алаң әзірлеуде. Бұған дейін де қыркүйек айында Украина Министрлер кабинеті ғимаратына ракета шабуылы жасалар алдында осындай жағдай болған», – деді Украина президенті.