Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Ресей ұшақтары Эстония әуе кеңістігін бұзды

Миг-31
Фото: Sefa Karacan/AA/picture alliance

Эстония Сыртқы істер министрлігі Ресейдің үш МиГ-31 истребителінің ел шекарасын заңсыз кесіп өтуіне байланысты Мәскеуге нота тапсырды. Бұл туралы Эстонияның Қорғаныс күштері бас штабы хабарлады.

Эстонияның ресми ақпаратына сәйкес, ресейлік әскери ұшақтар Фин шығанағындағы Вайндлоо аралы маңында шамамен 12 минут бойы ел аумағында болған. Олар ешқандай ұшу жоспарын бермей, транспондерлерін (сигнал қабылдап-беруші құрылғы) өшіріп, әуе диспетчерлік қызметімен байланысқа шықпаған.

Бұл 2025 жылы тіркелген төртінші заңсыз әуе шекарасын бұзу жағдайы. Бұған дейін, 7 қыркүйекте, Ресейдің Ми-8 тікұшағы дәл осы аймақта Эстония әуе кеңістігіне енсе, 22 маусымда Ил-76 әскери-көлік ұшағы заңсыз кірген болатын.

Эстония мен ЕО-ның реакциясы

Эстония сыртқы істер министрі Маргус Цахкна оқиғаны «бұрын-соңды болмаған дәрежеде өрескел әрекет» деп атады.

Ал ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас мұны «өте қауіпті провокация» деп бағалап, одақтың Эстониямен толық ынтымақтастығын білдірді.

Польшаға дрондар шабуылы

Эстониядағы жағдайдан бөлек, 10 қыркүйек түні Польша аумағына 19 ресейлік дрон кірген. Варшава олардың бір бөлігі Беларусьтен ұшып келгенін хабарлады. Қауіпті бейтараптандыру үшін Польша авиациясымен қатар НАТО-ның өзге елдерінің истребительдері де жұмылдырылған.

Германия қорғаныс министрі Борис Писториус бұл дрондардың Польшаға әдейі бағытталғанын айтып, «қателесіп курсынан ауытқу мүмкін емес» деп мәлімдеді. Польша билігі НАТО-ның 4-бабы аясында одақтастарымен кеңесуді талап етті.

Бұдан бөлек, 29 қыркүйекте де Литва жағалауынан ресейлік дронның қалдықтары табылды.