Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:11

Ресей Венесуэланың уақытша президентін қолдайтынын мәлімдеді

Делси Родригес
Фото: Bloomberg/ Getty Images

Ресей билігі Венесуэланың бұрынғы вице-президенті  Делси Родригестің ел басшысы міндетін уақытша атқаруын қолдайтынын жариялады.

 Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігі ресми сайтында хабарланды.

Мәлімдемеде Мәскеу Венесуэла халқы мен үкіметімен «өзгермейтін ынтымақтастықта» екенін атап өтіп, елге қажетті көмекті көрсетуге дайын екенін білдірген. Сондай-ақ Венесуэланың «ешқандай сыртқы деструктивті араласусыз өз тағдырын өзі айқындау құқығы сақталуы тиіс» екені айтылып, қалыптасқан жағдайды деэскалациялауға шақырған.

РФ СІМ Родригестің ант беруін билік вертикалін сақтау, конституциялық дағдарыс қаупін болдырмау және сыртқы қысым жағдайында елдің тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталған қадам деп бағалады.

Бұл Венесуэладағы ахуалға қатысты Ресей СІМ-нің Николас Мадуро ұсталғаннан бергі төртінші мәлімдемесі. Бұған дейін, 3 қаңтар күні, АҚШ-тың әскери операциясы жарияланған сәтте, Мәскеу бұл әрекеттерді «Боливар Республикасына қарсы қарулы агрессия» деп атаған. Сол күні шыққан басқа мәлімдемелерде Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорестің ұсталуына қатысты түсінік беруді және оларды босатуды талап еткен.

Сонымен қатар 3 қаңтарда Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Делси Родригеспен телефон арқылы сөйлесіп, Венесуэла халқымен «берік ынтымақтастық» білдірген.

Еске салайық, 3 қаңтарда әскери операция аясында Николас Мадуро мен Силия Флорес АҚШ-тың арнайы «Дельта» бөлімшесі тарапынан ұсталып, алдымен Гуантанамо базасына, кейін Нью-Йоркке жеткізілген. 5 қаңтарда оның қатысуымен алғашқы сот отырысы өтті.

АҚШ билігі Мадуроға «наркотерроризм», заңсыз қару сақтау және дипломатиялық паспорттарды сату бойынша айыптар тақты. Сондай-ақ оны Cartel de los Soles қылмыстық тобына жетекшілік етті деп айыптайды. Мадуро бұл айыптауларды жоққа шығарады.