Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:41

Ресей жағында соғысқа қатысқан Өзбекстан азаматы 3 жылға сотталды

1
Фото: UzNews.uz

Ресей Федерациясы жағында соғыс қимылдарына қатысқан Өзбекстан азаматы 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл туралы UzNews.uz басылымы хабарлады.

Бостан аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкіміне сәйкес, 38 жастағы С.Х. Өзбекстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 154-бабының 1-бөлігі («Жалдамалылық») бойынша кінәлі деп танылды.

Сот материалдарына сүйенсек, айыпталушы осы жылдың сәуір айында Ресейге табыс табу мақсатымен кеткен. Маусым айында құжаттарының болмауына байланысты Ресей ІІМ қызметкерлері оны ұстаған. Айыпталушының айтуынша, ол мән-жайын толық түсінбестен бірқатар құжаттарға қол қойған, кейін олардың әскери келісімшарт екені белгілі болған.

Осыдан кейін С.Х. Донецк қаласына жіберіліп, онда ресейлік әскери қызметшілерге арналған азық-түлік тиеу жұмыстарымен айналысқан. Кейін Луганск өңіріне ауыстырылған. Сол жерде қолындағы гранатаның үстіңгі бөлігін бөлшектеу кезінде жарылыс болып, нәтижесінде ол қолының шынашағынан айырылып, білегінен жарақат алған.

Қазан айында госпитальда емделіп жатқан кезінде С.Х. медициналық мекемеден қашып шығып, Өзбекстанға оралған.

Тергеу деректеріне сәйкес, ол әскери қызмет атқарған кезеңде 800 мың рубль көлемінде төлем алған, оның 400 мың рублін отбасына жіберген.

Сот үкімімен С.Х. 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.