Ресей жағында соғысқан қазақстандық 5 жылға сотталды

«Вагнер» жеке әскери компаниясының құрамында Украинада соғысқан қазақстандық азамат Тимур Пралиев елге оралған соң бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Алматы қалалық соты Тимур Пралиевті «шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу» бабымен кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл туралы Orda.kz порталы хабарлады.
Сот дерегінше, Пралиев 2022 жылдың күзінде Ресей тарапынан жалданып, сол жылдың қарашасынан бастап Украинадағы соғысқа қатысқан. Ол байланысшы қызметін атқарып, Бахмут қаласын басып алу операциясына қатысқан және Ресейде бірнеше медальмен марапатталған.
2023 жылы Пралиев Ресей азаматтығын алған, бірақ сонымен қатар Қазақстан азаматы болып қала берген.
Orda.kz мәліметінше, Пралиев тек Украинада ғана емес, 2024 жылы Африкадағы Мали елінде де «Вагнер» құрамында әскери әрекеттерге қатысқан. Бұл кезең — ұйым басшысы Евгений Пригожиннің бүлігінен кейінгі уақытқа сәйкес келеді.
Бүліктен соң Кремль Пригожинге адал қалған жалдамалылардың бір бөлігін Малиге жіберген. Олар 2025 жылдың маусымына дейін сол жерде болған.
Қазақстан соты Пралиевті Қылмыстық кодекстің 172-бабы («Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу») бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бапта «жалдамалылық белгілері болмаған» жағдайда шетелдегі соғысқа қатысқандарға ең төменгі жаза — 5 жыл бас бостандығынан айыру көзделген.
Айта кетсек, тікелей жалдамалылық (наемничество) әрекеттері 170-баппен жазаланады, бірақ оның қолданылуы Қазақстанда әлі тіркелмеген.
Сот деректеріне қарағанда, Пралиев Ресейдің «Вагнер» тобында қызмет еткен уақыты ішінде 4 млн 160 мың рубль жалақы алған.
Ол 2024 жылдың қазан айында «Вагнер» тобымен байланысын үзген соң, Минск пен Уфада ем қабылдап, кейін Мексика арқылы АҚШ-қа өтпек болған.
2025 жылдың 4 қаңтарында АҚШ шекарасында заңсыз өтуге әрекет жасаған кезінде ұсталды.
Одан Қазақстан мен Ресей паспорттары, 4 мың доллар, 60 мың мексикалық песо және бір дрон табылған.
АҚШ билігі оны Қазақстанға депортациялаған. Елге оралған соң ол тұтқындалып, сот алдына жеткізілді.
Пралиевтің адвокаттары істі Ресей аумағында қарауды сұраған, себебі айыпталушының ресейлік паспорты бар. Алайда сот бұл уәжді қабылдамады.
Жалдамалылық немесе шетелдік қарулы құрылымдарға қатысу Қазақстан заңнамасы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.