Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:45

Ресейде физик-ғалым соғысқа қарсы жазбалары үшін 7 жылға сотталды

Дмитрий Богмут
Фото: Риа Новости

Ресейдің Ленинград облысындағы Гатчина қалалық соты Санкт-Петербург ядролық физика институтының бұрынғы қызметкері Дмитрий Богмутты жалпы режимдегі колонияға 7 жылға бас бостандығынан айырды. 

Бұл туралы 30 қаңтарда облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу мәліметінше, ғалымға қатысты қылмыстық іс оның әлеуметтік желілердегі соғысқа қарсы пікірлері мен жазбаларына байланысты қозғалған. Айыптау тарабы Богмутты Ресей армиясы туралы «жалған ақпарат таратты» деп айыптайды. Атап айтқанда, ол Deutsche Welle (DW) жариялаған Павлоградтың атқылануы туралы видеоны репост жасаған.

Соттағы соңғы сөзінде Дмитрий Богмут өз ұстанымын жасырмай айтты. 

— Мен 1975 жылы туғанмын. Ең жақсы жылдарым Горбачёвтің қайта құру кезеңі мен 1990-жылдарға тұспа-тұс келді. Ол кезде «Тыныштық – әлемге!» деген ұранмен өткен митингілер есімде. Сол жылдары қалыптасқан бейбіт күн тәртібін жеткізгім келді. Қазір соғысты мадақтауды да, оны түсінуді де қабылдай алмаймын. Кез келген соғыс — қан, азап пен өлім, — деді ол.

51 жастағы Дмитрий Богмут қатты дене физикасын (конденсацияланған күй физикасы) зерттеу бөлімінде техник болып жұмыс істеген. Ол 2024 жылдың сәуірінде ұсталып, содан бері тергеу изоляторында отырған.

Айта кетерлігі, айыптау материалдарында көрсетілген соғысқа қарсы жазбалар мен DW видеосы 2023 жылы, яғни Ресей билігі Deutsche Welle-ді «жағымсыз ұйым» деп танығанға дейін жарияланған.

2025 жылдың желтоқсанында Ресей билігі Deutsche Welle медиакомпаниясын «жағымсыз ұйымдар» тізіміне енгізді. Бұл шешімге DW бас директоры Барбара Массинг пікір білдіріп, Ресей режимі тәуелсіз БАҚ-ты тұншықтыруға тырысып отырғанын мәлімдеді. Германия үкіметі де бұл қадамды қатаң айыптаған.

Ресей заңнамасына сәйкес, «жағымсыз ұйыммен» ынтымақтастық қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Билік мұндай «ынтымақтастық» ретінде осындай БАҚ материалдарын әлеуметтік желілерде таратуды да бағалауы ықтимал. Ал заңда кез келген БАҚ-ты оқу немесе оған жазылудың өзі үшін жауапкершілік қарастырылмаған.