Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:45

Ресейде генерал Москаликтің өліміне күдікті қамауға алынды

Игнат Кузин
Фото: видеодан скриншот

Ресейдің Басманный соты генерал-лейтенант Ярослав Москаликті өлтіру ісіне байланысты күдікті Игнат Кузинді екі айға жуық мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды.

Бұл туралы 27 сәуір күні Мәскеу соттарының және Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу деректеріне сәйкес, Кузин терроризм, жарылғыш заттар мен құрылғыларды заңсыз өндіру және сату бойынша айыпталып отыр. Ол тергеу изоляторына 2 айға қамалды. Ресей Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренконың айтуынша, Кузин өз кінәсін толық мойындаған. Сондай-ақ, ол Украина қауіпсіздік қызметі тарапынан 18 мың АҚШ долларына жалданғанын растаған.

Генерал-лейтенант Ярослав Москалик 25 сәуір күні Мәскеу облысының Балашиха қаласында, өз үйінен шыққан сәтте көлік жарылысы салдарынан көз жұмды. Москалик жарылыс орын алған аулада тұрған үйде тұрған. Келесі күні Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

Бұл кейінгі уақыттағы Ресейдің жоғары әскери шенділеріне жасалған екінші шабуыл. 2024 жылы желтоқсанда Мәскеуде генерал Игорь Кириллов дәл осындай жарылыс салдарынан қаза тапқан болатын.