Ресейде қазақстандық студент «терроризмді ақтады» деген айыппен екі жылға сотталды
Санкт-Петербургтегі 1-Батыс округтік әскери сот студент Гарри Азарянды «терроризмді жария түрде ақтау» ісі бойынша екі жылға колония-қонысқа үкім етті.
Бұл туралы «Медиазона» жазды.
Қылмыстық іс 2025 жылдың қысында петербургтік солшыл белсенділердің жиналысында сөйлеген сөзіне байланысты қозғалған. Қауіпсіздік органдары бұл жиынға қатысушыларды «Рабочая власть» ұйымының мүшелері деп есептейді.
Азарян өз сөзінде тарихтың сындарлы кезеңдерінде адамдарды таптық өшпенділік билейтінін және бұқараның зорлық-зомбылыққа дайын болатынын айтқан.
«Медиазона» дереккөзіне сәйкес, жиында Азарян солшылдардың міндеті «өшпенділікті қоздыру емес, адамдарға кінә капитализмде екенін түсіндіру» екенін айтқан. Сонымен қатар ол «революция – бұл зорлық актісі» екенін және «революция зорлықсыз болмайды» деп мәлімдеген.
Дәл осы сөздер кейін тергеу тарапынан «терроризмді жария түрде ақтау» ретінде сараланған.
Гарри Азарян 2025 жылғы мамырда ұсталған. Ол жарты жылдан астам уақыт тергеу изоляторында (СИЗО) отырған. 2026 жылдың қаңтарында оған белгілі бір әрекеттерге тыйым салу шарасы қолданылып, босатылған.
Сотта ол кінәсін мойындап, істі ерекше тәртіппен қарауды сұраған. Прокуратура оған үш жыл колония жазасын сұраған болатын. Алайда сот екі жыл жаза тағайындады.