Ресейде КҚК-ға қарсы санкциялар енгізу мүмкіндігі талқыланып жатыр — БАҚ
Таяу Шығыстағы қақтығыстар күшейіп, мұнай-газ нысандары шабуылға ұшырап жатқан кезде әлем назары сол аймаққа ауып кетті. Бірақ осының тасасында Ресейдің энергетикалық саясаты қалай өзгеріп жатқаны көп талқылана бермейді. Ал шын мәнінде, дәл осы кезең Ресей үшін жаңа мүмкіндіктер мен жаңа қысым құралдарын қалыптастырып отыр.
Қазір сарапшылар Ресей энергетика саласы (ТЭК) қалыптасқан жағдайдан онсыз да пайда көріп отырғанын айтады. Мұнай бағасы өсіп жатыр. Бірақ мәселе мұнымен шектелмейді. Мәскеу тек сырттан бақылап отырған жоқ – қажет болса, белсенді қадамдарға да баруы мүмкін.
Соның бірі – Каспий құбыр консорциумы (КТК) төңірегіндегі жағдай. Бұл құбыр арқылы Қазақстан мұнайы әлемдік нарыққа шығады. Алайда консорциумға қатысушы бірқатар батыс компаниялары Ресейге қарсы санкцияларды қолдап отыр. Осындай жағдайда Мәскеу «неге санкцияны тек Батыс енгізуі керек?» деген логикаға көшкен сияқты.
Егер Ресей КҚК бағытына қандай да бір шектеу қойса, оның салдары үлкен болуы мүмкін. Бұл құбыр арқылы әлемдік нарыққа шамамен 1 пайыз мұнай жеткізіледі. Қазіргі тапшылық жағдайында бұл көлемнің өзі маңызды. Сарапшылардың кейбірі мұндай сценарийде Brent бағасы барреліне 200 доллардан асуы мүмкін екенін айтады.
Бірақ ең маңыздысы – бұл қадам кімге соққы болады? Ресми түрде Қазақстанға емес, керісінше, осы жобада үлесі бар батыс компанияларына қысым күшейеді. Chevron, ExxonMobil, Shell сияқты алпауыттар үшін мұндай өзгеріс миллиардтаған доллар шығын әкелуі ықтимал. Сонымен қатар Еуропада мұнай тапшылығы күшеюі мүмкін.
Бұл Ресейдің соңғы кезде жиі айтылып жүрген «ассиметриялық жауап» саясатының көрінісі. Яғни Мәскеу санкцияға санкциямен ғана емес, энергетика, логистика және нарық арқылы жауап беруге тырысып отыр.
Бұған дейін Владимир Путин Еуропа толықтай ресейлік энергиядан бас тартқанға дейін газ жеткізілімін жалғастыруға дайын екенін айтқан еді. Бірақ сонымен қатар үкіметке жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырды. Бұл Ресейдің «жұмсақ саясаттан» біртіндеп қатаң қысымға көшіп жатқанын көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, Ресей осылайша өзіне тиімді «санкциялық айырбас жүйесін» құруға тырысып жатыр. Яғни, өз шектеулерін батыстық санкциялармен байланыстырып, оларды келіссөз құралы ретінде қолдану. Бұл тәсіл арқылы Мәскеу «Роснефть», «Газпром», «Лукойл» сияқты компанияларға салынған санкцияларды жеңілдетуге ықпал еткісі келеді.
Кей сарапшылардың айтуынша, бұл дағдарыстың жалғыз ұзақмерзімді шешімі — санкциялық жүйеден бас тартып, нарықтық ережелерге қайта оралу. Бірақ қазіргі геосаяси жағдайда мұндай өзгеріс жақын арада бола қоюы екіталай.