Ресейде мұнай холдингінің жоғары лауазымды топ-менеджері ұсталды
Ресей ІІМ-нің ресми өкілі Ирина Волк «Газпром нефть» басқарма төрағасының орынбасары Антон Джалябовтың ұсталғанын хабарлады.
Ол пара алды деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасы бойынша, пара ретінде моторлы қайық пен Сочиден пәтер алған.
Ресей ІІМ мәліметінше, алдын ала деректерге сәйкес, 2021-2022 жылдары Джалябов «Газпром инвест» ЖШҚ филиалының директоры қызметін атқара жүріп, коммерциялық ұйымдардың басшыларынан бірнеше рет заңсыз сыйақы алған. Тергеу қайық пен Сочидегі пәтердің жалпы құны шамамен 30 млн рубль болғанын, олардың мердігерлік жұмыстарға келісімшарттар жасау және «жалпы қамқорлық» көрсету үшін берілгенін алға тартады.
РФ Қылмыстық кодексінің 290-бабы 6-бөлігі («Аса ірі мөлшерде пара алу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Джалябовқа айып тағылып, оған 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Топ-менеджердің Санкт-Петербургте ұсталғаны 27 ақпанда белгілі болды. «Интерфакс» агенттігінің мәліметінше, ол алдыңғы күні жауап алудан кейін ұсталған болуы мүмкін, ал эпизодтар оның «Газпром инвест Надым» компаниясындағы қызметімен байланысты. ТАСС дереккөзі тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушы ірі құрылыс мердігерліктері бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстарды қабылдау актілеріне қол қойып, олардың төлемін қамтамасыз еткенін және мердігерлерді мерзімді бұзғаны үшін айыппұлдар мен өсімпұлдардан қорғағанын хабарлаған.
Антон Джалябов 1980 жылы туған. Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетін «мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығы бойынша бітірген. 2002–2020 жылдары «Газпром добыча Надым» компаниясында жұмыс істеген, кейін «Газпром инвест Надым» филиалын басқарған, ал 2021 жылы «Газпром добыча Ноябрьск» компаниясының бас директоры болған.