Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:55

Ресейде сатылмай қалған мұнайды сақтауға ресурс жетіспеуі мүмкін

Мұнай
Фото: Максим Шеметов / Reuters

Ресей аумағындағы мұнай қоймаларында бос орын барған сайын азайып барады.

 Бұған АҚШ-тың Үндістанға қысымы және ресейлік шикізаттан өндірілген мұнай өнімдерін Еуроодаққа жеткізуге салынған тыйым себеп болып отыр. Соның салдарынан мұнайды сату қиындаған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы тауар ағындарын, энергетикалық ресурстар мен теңіз тасымалын нақты уақыт режимінде қадағалайтын Kpler компаниясының деректеріне сүйеніп мәлімделген.

Kpler мәліметіне сәйкес, Ресей мұнайының теңіз арқылы экспорты қатарынан үшінші ай төмендеп келеді: 2025 жылдың желтоқсанында тәулігіне 3,8 млн баррель болса, 2026 жылдың қаңтарында — 3,4 млн баррель, ал қазір шамамен 2,8 млн баррельге дейін азайған. Сонымен бірге танкерлерде сақталып тұрған ресейлік мұнай көлемі рекордтық деңгейге жетіп, 150 млн баррельден асқан. Мұндай кемелердің қозғалысы да баяулаған.

Қазіргі уақытта Ресей аумағында сақтаулы тұрған мұнай қоры шамамен 16 млн баррельге жеткен. Kpler бағалауынша, бұл Ресейдегі жерүсті қоймаларының жалпы сыйымдылығының шамамен 51 пайызын құрайды. Құбырлар мен қосымша резервуарларды пайдаланған жағдайда жалпы сыйымдылықты 100 млн баррельге дейін ұлғайтуға болады, алайда бұл да жеткіліксіз болуы ықтимал. Ресей тәулігіне шамамен 9,3 млн баррель мұнай өндіреді, соның жартысына жуығы экспортқа шығарылады. Сарапшылардың пікірінше, «егер экспорт шектеулі күйінде қалса, мұндай қарқынмен жерүсті қоймалары тез толып, өндірушілерге өндірісті қысқартудан басқа амал қалмауы мүмкін».

Сарапшылар Ресей мұнай экспортының қысқаруының басты себептерінің бірі ретінде АҚШ-тың Үндістанға жасаған қысымын атайды. Тамыз айында АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мұнайын сатып алғаны үшін Үндістанға 25 пайыздық сауда бажын енгізген. Нәтижесінде үнді мұнай өңдеу зауыттары ресейлік мұнай сатып алудан бас тарта бастаған. Hindustan Times басылымының дерегінше, қаңтар айында Үндістан Ресейден желтоқсанмен салыстырғанда 12 пайызға, ал қарашамен салыстырғанда 22 пайызға аз мұнай импорттаған.

7 ақпанда Трамп Үндістан Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатуға міндеттеме алғанын мәлімдеді. Осыған байланысты Вашингтон Үндістан тауарларының АҚШ-қа экспортына салынған баждардың бір бөлігін алып тастаған. Ал Мәскеу Нью-Делиден сатып алуды тоқтату туралы ешқандай ресми хабарлама алмағанын мәлімдеді.

Тағы бір себеп — ресейлік мұнайдан өндірілген мұнай өнімдерін Еуроодаққа жеткізуге тыйым салынуы. Бұл тыйым алты айлық өтпелі кезеңнен кейін қаңтар айында күшіне енді.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, қаңтар айында Ресей тәулігіне орта есеппен 9,28 млн баррель мұнай өндірген. Бұл желтоқсанмен салыстырғанда 40 мың баррельге аз және ОПЕК аясындағы келісімде белгіленген лимиттен 300 мың баррельге төмен.

Сонымен қатар агенттік Үнді және Тынық мұхиттарында сатып алушы таппаған шамамен 12 млн баррель ресейлік мұнай тиеген танкерлер тұрғанын хабарлайды.

Тегтер: