Ресейде сот "азовшыларға" қатысты қатаң шешім қабылдады

2025 жылдың 26 наурызында Ресейдің Ростов-на-Дону қаласындағы Оңтүстік округтік әскери соты «Азов» полкімен байланысты 23 украиналық әскери тұтқынға үкім шығарды. 12 айыпталушы 13 жылдан 23 жылға дейінгі қатаң режимдегі колонияға сотталды.
Қалған 11 адам Украинаға әскери тұтқындар алмасу аясында қайтарылғандықтан, олар сырттай сотталды.
Сырттай сотталғандардың арасында әртүрлі уақытта әскери аспаз болып жұмыс істеген тоғыз әйел бар. Оларға 13 және 14 жылға жалпы режимдегі колонияға үкім шығарылды. Барлық әйелдер 2024 жылдың қыркүйегінде ресейлік тұтқындарға айырбасталды. Сотталғандардың екеуі 23 жыл қатаң режимдегі колонияға сырттай сотталды.
Айыптаулардың негізгі мәні – сотталушылардың барлығы белгілі бір уақытта «Азов» бөлімшесімен байланыста болғаны, олардың "радикалды украинашыл көзқарастарды" ұстанғаны және "орыс тілді халыққа теріс көзқарас білдіргені" деп көрсетілді. Айыпталушылардың арасында Мариуполь мен Азовты қорғауға қатысқандар да, 2022 жылдың ақпанында Ресей Украинаға басып кірген кезде әскери қызметте болмағандар да бар. Кейбіреулері өз үйлерінде тұтқындалған.
Айыпталушылардың қатарында «Азов» бөлімшесінің жүргізушісі болған Александр Ищенко да бар. Алайда ол 2024 жылы Ростов-на-Донудағы тергеу изоляторында қайтыс болды, содан кейін оның ісі жабылды.
Украиналық әскери тұтқындар бірнеше рет сотта өздерінің айғақтары бұрмаланғанын, өздерін азаптағанын, медициналық көмектен айырғанын және қорлағанын мәлімдеді. Осыған қарамастан, сот айыптау тарапын қолдап, үкімін өзін-өзі жариялаған "ДХР" ұсынған материалдарға негіздеді.