Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:15

Ресейде терроризмді ақтады деген айыппен қазақстандық азамат қамауға алынды

Қазақстандық студент
Фото: ашық дереккөз

Ресейлік сот Қазақстаннан барған студент Гарри Азарянды терроризмді жария түрде ақтап, насихаттады деген күдікпен екі айға тергеу изоляторына қамады. 

Бұл туралы «Бумага» Telegram-арнасы хабарлады. БАҚ-та бұл іс «троцкишілер ісі» деп аталып жүр.

Сот отырысында Азарян өз кінәсін мойындамаған.

– Мен өзімді кінәлі деп санамаймын және сотта кінәсіздігімді дәлелдеуге дайынмын. Тергеуден жасырынып, оған кедергі келтіру ниетім жоқ. Менің тұратын жерімде бейнебақылау камералары мен рұқсаттамамен кіру жүйесі бар. Сондықтан менің орналасқан орнымды бақылау қиын емес, - деген студенттің сөзін келтіреді «Бумага».

«Ротонда» Telegram-арнасының мәліметінше, Гарри Азарян – 23 жаста, Қазақстан азаматы.

Азарянның Қазақстанмен байланысы әлеуметтік желідегі жазбаларынан да байқалады. Ол фольклорлық би клубына мүше ретінде «қара жорға» биін қазақтың джигасы деп сипаттаған, Қазақстанның саяси құрылымы туралы пікір айтқан, қазақстандық саясаттанушының жазбасын және Мәжіліс пресс-релизін бөліскен.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Гарри Азарян қаңтар мен ақпан айлары аралығында терроризмді ақтайтын ұрандарды жария түрде айтқан. «Ротонда» бұл ұрандар «Жұмысшы билігі» ұйымының жиналысында айтылғанын жазады. Ол жерде Азарян революция, таптық өшпенділік және көше күшіне сену туралы сөз сөйлеген деген күдік бар.

Бұл іс «троцкишілер ісі» деп аталып кеткен, оның аясында Азаряннан бөлек тағы алты студент қамауға алынған.

Тегтер: