Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:10

Ресейде тоғызыншы сынып оқушысы мектепте оқ атып, петарда жарды

мектеп
Фото: Ильфат Кинзябаев / ТАСС

Ресейдің Уфа қаласында гимназиялардың бірінде оқушы мектепке шабуыл жасады. Таңертеңгі уақытта мектепке травматикалық қарумен кірген жасөспірім іште болғандарға оқ атқан.

 Алғашқылардың бірі болып хабар таратқан UFA1.RU басылымы алдын ала деректерге сүйене отырып, үш адам зардап шеккенін жазды. Алайда жергілікті билік өкілдері жараланғандар барын растаған жоқ.

Башқұртстан басшысы Радий Хабиров Telegram-арнасында:
«Бүгін таңертең Уфадағы №16 гимназияда 9-сынып оқушысы страйкбол автоматымен оқ атты. Зардап шеккендер жоқ. Жасөспірім ұсталды. Жағдай бақылауда, мән-жайы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді.

Оқ атқан оқушының ұсталғанын Ресей ІІМ баспасөз орталығы да растады. Ведомствоның хабарлауынша, алдын ала мәліметке сәйкес, гимназияның 9-сынып оқушысы сабаққа пластик пневматикалық автоматпен кіріп, мұғалімге және үш сыныптасына бірнеше рет оқ атқан, сондай-ақ петарда жарған.

Жасөспірімді оқиға орнына келген патрульдік-пост қызметінің полиция қызметкерлері мен Росгвардия өкілдері ұстады. ІІМ зардап шеккендер туралы нақты ақпарат берген жоқ.

Аймақтық Тергеу комитеті бұл оқиға бойынша қылмыстық істер қозғалғанын, соның ішінде салғырттық бабы бойынша да тергеу басталғанын хабарлады.

Шабуылдың ықтимал себептері туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.