Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:45

Ресейде жыл басынан бері төртінші әскери ұшақ құлады

МиГ-31
Фото: Сергей Аблогин / russianplanes.net

Ресейдің Липецк облысында МиГ-31 жойғыш ұшағы қонуға бет алған сәтте апатқа ұшырады.

 Бұл туралы Ресей Қорғаныс министрлігі хабарлады. Оқиға бейсенбі, 9 қазан күні кешкісін болған.

Министрліктің мәліметінше, ұшақ жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын орындап жүрген, бортта қару-жарақ болмаған. Әуе кемесі елді мекеннен алыс аймаққа құлаған, ал экипаж мүшелері дер кезінде катапульта  жасап аман қалған.

Қону кезінде шасси жүйесі істен шыққан

Telegram-ресурс Mash дерегінше, МиГ-31 ұшағы қонуға дайындық кезінде шасси жүйесі істен шыққан. Ұшқыш пен штурман ұшақты тұрғын үйлерден аулақ аймаққа бұрып, кейін катапультталған.

Жерге қонған кезде экипаж жарақат алған, екеуі де ауруханаға жеткізілген. Ал ұшақ Чаплыгин ауданының орманды аумағына құлап, өртеніп кеткен.

МиГ-31 — екі орынды, гипердыбысты алыс радиусты жойғыш ұшақ. Ол сағатына 3000 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшуға және 21 мың метр биіктікке дейін көтерілуге қабілетті.

 Бұл – биылғы төртінші апат

МиГ-31 апаты 2025 жылы Ресейдің әскери-әуе күштеріндегі төртінші ірі ұшақ апаты болып тіркелді.

  • Шілде айында Нижегород облысында Су-34 жойғыш-бомбалаушысы апатқа ұшыраған. Ол да қону кезінде шассиінен ақау шыққан.

  • Сәуірде Иркутск облысында Ту-22М3 стратегиялық бомбалаушысы құлап, бір пилот қаза тапқан, тағы төртеуі тірі қалған. Себеп — техникалық ақау.

  • Наурызда Приморье өлкесінде Су-25  жойғыш ұшағы жаттығу кезінде құлап, ұшқыш катапульта жасаған.

Әскери сарапшылар Ресей авиациясындағы апаттардың жиілеуін ұзақ пайдаланылған техниканың тозуы және жаңғырту бағдарламаларының баяу жүруімен байланыстырады.

Биылдың алғашқы тоғыз айында Ресей армиясы төрт әскери ұшақтан айырылды — бұл соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Тегтер: