Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:47

Ресейде журналист Фарида Құрбанғалиева сырттай 8 жылға сотталды

Фарида Курбангалеева
Фото: farida.kurbangaleeva / Facebook

Ресейдің Екінші Батыс округтік әскери соты танымал тележүргізуші, бұрынғы «Россия 1» және «Настоящее время» арналарында жұмыс істеген Фарида Құрбанғалиеваға сырттай 8 жыл бас бостандығынан айыру үкімін шығарды.

Ол Ресей Қылмыстық кодексінің екі бабы – «әскер туралы жалған ақпарат тарату» (207.3-бап, 2-бөлім «д» тармақшасы) және «терроризмді ақтау» (205-бап, 2-бөлім) бойынша айыпталған.

Соттың мәліметінше, Фарида Құрбанғалиева 2024 жылы мамырда YouTube арнасында «Свобода России» легионында Украина жағында соғысып жүрген ұлтшыл Алексей Барановскиймен сұхбат жүргізген. Осы сұхбат негізінде қылмыстық іс қозғалған. Барановскийдің өзі де сырттай сотталып, 6 жыл түрме жазасын алды.

Бұған қоса, Құрбанғалиеваға Telegram-дағы «Пражский град» арнасында жариялаған бірнеше жазбасы үшін де айып тағылған.

Фарида Құрбанғалиева 2007 жылдан бері «Россия 1» телеарнасындағы «Вести» жаңалықтар бағдарламасының жүргізушісі болған. Алайда 2014 жылы Қырым аннексиясы мен Донбастағы соғыс басталған соң арнадан кеткен. 2018–2021 жылдары ол «Настоящее время» арнасында жұмыс істеп, кейін өз YouTube жобасын ашқан.

2024 жылы маусымда Ресейдің Әділет министрлігі Фарида Құрбанғалиеваға «шетел агенті» мәртебесін беріп, оны «террористер мен экстремистер тізіміне» қосқан. Кейін халықаралық іздеу жарияланып, Ресей тарапы Чехиядан оны экстрадициялауды сұраған. Алайда 2025 жылдың мамырында Чехия соты бұл сұранысты қанағаттандырмай тастады.

Журналист Ресейге оралуы тиіс болса, оны ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру қаупі күтіп тұр.