Ресейдегі әскери зауыттағы жарылыс: қаза тапқандар саны артты
Ресейдің Челябі облысындағы Копейск қаласында орналасқан «Пластмасс» әскери зауытында болған жарылыстан кемінде 13 адам қаза тапты, тағы 10 адамның мәйіті әлі табылған жоқ.
Жарылыс 22 қазан күні кешке болған еді, ал 27 қазан жағдайына қарай ресми түрде 13 адамның өлімі расталды. Олардың барлығы зауыт қызметкерлері. Облыс әкімдігі хабарлауынша, жалпы 23 адам зардап шеккен, олардың ішінде 10-ының тағдыры әлі белгісіз.
Қазір зауыт аумағындағы үйінділерді тазалау және іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Жарылыстың салдары
Бұған дейін Ресей үкіметі шамамен 30 адамның жарақат алғанын хабарлаған. Олардың төртеуі Челябі облыстық ауруханасында, ал екеуі Нижний Новгородтағы Федералды күйік орталығына жеткізілген. Қалғандары амбулаторлық ем қабылдап жатыр.
27 қазанда Копейскте жарылыс құрбандарының туыстары мен зауыт басшылығы қатысқан кездесу өтті. Онда облыс вице-губернаторы Алексей Фартигин 7 адамның тұлғасы туыстары арқылы анықталғанын, ал қалған мәйіттерді ДНҚ сараптамасы арқылы тану жалғасып жатқанын айтты.
Құрбандарға көмек және өтемақы
Зауыт директоры Александр Балашов Копейск әкімдігі жерлеу рәсімін толық қаржыландыратынын, ал зауыт құрбандардың отбасыларына материалдық көмек көрсететінін айтты.
Облыс губернаторы Алексей Текслер бұған дейін қаза тапқандардың отбасыларына 10 миллион рубльден, ал жараланғандарға 1–2 миллион рубль көлемінде өтемақы төленетінін мәлімдеген еді.
Алайда із-түзсіз кеткен қызметкерлердің туыстары үміттің аз екенін мәлімдеген.
Ресми тұлғалар жарылыстың нақты себебі туралы әзірге ашық ақпарат бермей отыр. Вице-губернатор Фартигиннің айтуынша, «қазір ешкім бұл сұраққа жауап бере алмайды», себебі техникалық сараптама мен тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Ресей Тергеу комитеті алдын ала нұсқа ретінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуын атады.
22 қазан күні губернатор Текслер «дрон шабуылы расталмағанын» мәлімдеген.
Зауыт туралы
Копейскідегі «Пластмасс» зауыты 1939 жылы ашылған және қазір «Ростех» мемлекеттік корпорациясының құрамына кіреді. Кәсіпорын артиллериялық снарядтар, танкіге арналған оқ-дәрілер және авиацияға арналған С-8 үлгісіндегі ракеталар шығарады — бұл қарулар Украинадағы соғыста кеңінен қолданылып жүр.
2024 жылдың маусымында «Ростех» басшысы Сергей Чемезов зауыттың соңғы жылдары әскери өнім көлемін бес есе арттырғанын және тағы 20%-ға көбейтуді жоспарлап отырғанын айтқан.
Ресей президенті Владимир Путин бұл жарылыс туралы ешқандай пікір білдірмеді және Копейскідегі зауыттағы қаза болғандарға ресми түрде көңіл айту хатын да жолдамаған.