Ресейдегі мектепте қаза тапқан 10 жастағы тәжік баласы туған жерінде жерленді
Ресейде мектепте қаза тапқан 10 жастағы тәжік баласы Кобилджон Алиев туған жері – Тәжікстанның Шахринав ауданына қарасты Аджам ауылында жер қойнына тапсырылды.
Оған арналған жаназа намазы Тәжікстан мүфтиі Саидмукаррам Абдулкодирзода қатысуымен оқылған. Бұл туралы Asia-Plus жазды.
Баланың мәйіті 18 желтоқсан күні таңертең Тәжікстанға жеткізіліп, күшейтілген қауіпсіздік шараларымен туған ауылына апарылған. Аджам ауылында жерлеу рәсімі кезінде құқық қорғау және күштік құрылым қызметкерлері көптеп шоғырланған. Олар журналистерге ашық түрде түсірілім жасауға және суретке түсіруге рұқсат бермеген.
Кобилджон ААлиевті ақтық сапарға шығарып салуға жүздеген адам жиналды. Жерлеуге тек туған-туыстары мен ауылдастары ғана емес, сонымен қатар ел астанасы Душанбе мен республиканың өзге өңірлерінен келген тұрғындар да қатысты.
Оның жақындары БАҚ өкілдерімен тілдесуден бас тартты. Тек баланың анасы Нилуфар Алиева көз жасын тыя алмай, бірнеше ауыз сөз айтқан.
«Мен оны Душанбеге жіберуді жоспарлаған едім. Ол сыныптастарымен қоштасқысы келетінін айтты… тағдыры солай болған екен. Қылмыскер өз жазасын алады», – деді ол.
Нилуфар Алиева Мәскеу облысының Одинцово ауданындағы Горки-2 кентінде орналасқан Успен мектебінде тазалаушы болып жұмыс істеген. Сол мектепте оның екі ұлы – Кобилджон және одан кіші інісі оқыған.
Қайғылы оқиға 16 желтоқсан күні таңертең болған. 15 жастағы ресейлік жасөспірім мектеп күзетшісіне пышақпен шабуыл жасап, кейін Кобилджон Алиевке бірнеше рет жарақат салған. Ауыр жарақат алған бала бірден көз жұмды. Шабуыл жасаған жасөспірім сыныптардың біріне бекініп алып, кейін құқық қорғау органдары тарапынан ұсталды.
Ресейлік БАҚ мәліметінше, шабуыл ұлтшылдық және ксенофобиялық көзқарастармен байланысты болуы мүмкін. Себебі видеода ол оқушыларға жақындап, «Қай ұлтсың?» деп сұрағаны, содан кейін баланы пышақтағаны көрінеді.
Сондай-ақ шабуыл жасамас бұрын ол сыныптастарына «Менің ашуым» атты манифест жолдаған. Бұл жазбада еврейлерге, мұсылмандарға, антифашистер мен либералдарға қарсы өшпенділік сипатындағы сөздер болған.
Оқиғаға қатысты Ресей Федерациясының Мәскеу облысы бойынша Тергеу комитеті Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Адам өлтіру»), 30-бабының 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») және 105-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған жасөспірім тергеу кезінде кінәсін мойындаған.
Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі бұл қылмысты «ұлттық өшпенділік актісі» деп атап, Ресейдің Тәжікстандағы елшісі Семен Григорьевке ресми нота тапсырды.
Ал Тәжікстанның ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода Ресей тарапынан бұл істі жан-жақты әрі әділ тергеп, кінәлілерді қатаң жазалауды талап етті.