Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:24

Ресейдегі мұнай өңдеу зауытына дрондар шабуыл жасап, өрт шықты

Дрон
Фото: Sofiia Gatilova/REUTERS

15 тамызға қараған түн Ресейдің бірнеше өңіріне дрондармен жаппай шабуыл жасалды. Ресей Қорғаныс министрлігінің дерегінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері 53 дронды атып түсірген. Олардың көбі Курск, Ростов және Самара облыстарында жойылған.

Самара облысының губернаторы Вячеслав Федорищев аймаққа «дрондардың жаппай шабуылы» жасалғанын хабарлады. Оның айтуынша, 13 дрон атып түсірілген. Қауіпсіздік мақсатында облыста мобильді интернеттің жұмысы шектелді, ал Самара әуежайында «Ковер» режимі енгізілді.

Алайда ресми мәлімдемеде Сызраньдағы мұнай өңдеу зауытына (МӨЗ) жасалған соққы жайлы айтылмады. Telegram-арналар ВЧК-ОГПУ және Shot таратқан мәліметке сәйкес, дрон соққысынан кейін зауыт аумағында өрт шыққан. Куәгерлер МӨЗ маңында бірнеше жарылыстың болғанын хабарлаған. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда кәсіпорын аумағында ашық жалынның жанып жатқаны көрінеді.

Курскідегі жағдай
Курск қаласында дрон көпқабатты тұрғын үйге соғылып, ғимараттың жоғарғы төрт қабатында өрт шыққан. Облыс басшысының міндетін атқарушы Александр Хинштейннің айтуынша, бір әйел қаза тауып, 10 адам жарақат алған. Жарылыс толқыны көрші үйлердің терезелерін сындырған. Зардап шеккен тұрғындар уақытша жақын маңдағы мектепке орналастырылған.

Астрахан облысындағы портқа соққы
Украина Қарулы күштерінің Бас штабы 15 тамызда Астрахан облысындағы «Оля» теңіз портына соққы жасалғанын мәлімдеді. Бұл нысан, украин тараптың дерегінше, Ресейге Ираннан әскери мақсаттағы өнімдерді жеткізетін логистикалық пункт ретінде пайдаланылады.

Генштаб дерегінше, «Порт Оля 4» атты кеме зақымданған. Оның бортында ирандық Shahed үлгісіндегі дрондардың бөлшектері мен оқ-дәрілер болған. Соққының қалай жасалғаны нақтыланбады. Украина тарабы портқа 14 тамызда шабуыл жасалғанын хабарлады, бірақ Ресей билігі бұл ақпаратты растамады.

Тегтер: