Ресейдегі Ростов облысындағы зауыттағы өртті сөндіру үшін қала сусыз қалдырылды

Ростов облысындағы Новошахтинск мұнай өңдеу зауытында Украина дрондарының шабуылынан кейін шыққан өртті сөндіру бірнеше күннен бері мүмкін болмай тұр. Өртпен күресу үшін 35 мың тұрғыны бар Красный Сулин қаласына су беру уақытша тоқтатылған.
21 тамызға қараған түні Украина дрондары зауытқа соққы жасағаннан кейін алапат өрт шықты. 23 тамыз күні Exilenova+ Telegram-арнасы тағы бір резервуардың өртке оранғанын хабарлады.
Красный Сулин қаласында өрт сөндіру үшін резервуарларды толтыру мақсатында орталық су жүйесі ажыратылды. Ростов облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрі Антонина Пшеничная өз Telegram-арнасында «сұраныстар бойынша су жеткізу ұйымдастырылғанын» мәлімдеді. Бұған дейін ол Новошахтинск пен көрші ауылдарда өртке байланысты су қысымы әдейі төмендетілгенін хабарлаған еді.
Новошахтинск үстін қою түтін басқан. Қала басшысы Сергей Бондаренко ауадағы қауіпті заттардың концентрациясы шектен аспағанын айтты. Дегенмен, жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде «тыныс алу қиындап кеткенін» жазды.
Мұнай өңдеу зауыты және дрон шабуылдары
Новошахтинск мұнай өңдеу зауыты – Ресейдің оңтүстігіндегі ең ірі мұнай кәсіпорындарының бірі. 2021 жылға дейін ол Украина саясаткері, «Путиннің досы» атанған Виктор Медведчуктың отбасына тиесілі екенін жазылған.
Украина дрондары Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына үнемі соққы беріп келеді. 23 тамыз күні Краснодар өлкесі билігі Илский және Афипский елдімекендері маңында дрондар атып түсірілгенін хабарлады.
Айта кетейік, мұндай шабуылдардың салдарынан мұнай өңдеу зауыттары жұмысын ішінара немесе толық тоқтатады. Бұл тек өндіріс емес, сонымен бірге Ресейдегі жанармай тапшылығы мен бағаның көтерілуіне алып келді. Ресей қалаларында жанармайға кезекке тұрған көліктердің видеосы таралып жатыр.