Ресейдегі жанжал: ауыр жараланған қазақстандықтар жоқ – СІМ
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ленинград облысында қазақстандықтардың қатысуымен болған жанжалға қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан азаматтары арасында ауыр жарақат алған немесе ауруханаға жатқызуды қажет ететіндер жоқ.
— Қолда бар ақпарат бойынша, қазақстандықтар арасында ауыр жарақат алғандар жоқ. Оқиға орнындағы жағдай тұрақты және тиісті қызметтердің бақылауында, - делінген ресми хабарламада.
Оқиға 26 наурыз күні Усть-Лугадағы вахталық кентте болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал тұрмыстық сипатта болған.
Ресейдің құқық қорғау органдары жанжалға қатысушыларды ұстап, тиісті процессуалдық шараларды жүргізген. Тергеу жалғасып жатыр.
Сондай-ақ Санкт-Петербург қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығы ресейлік құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыста екені айтылды.
Бұдан бөлек, Қазақстанның бас консулы оқиға орнына барып, азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсету және жағдайдың мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетейік, бұған дейін Бас консулдық аталған оқиғаға қатысты ақпаратты тексеріп, Ресейдің құзырлы органдарына ресми сауал жолдаған болатын. Бұл мәселе Сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында.