Ресейден Еуропаға құбыр арқылы газ экспорты 44 пайызға қысқарды
2025 жылы Ресейден Еуропаға құбыр арқылы жеткізілетін табиғи газ көлемі 44 пайызға азайып, 1970-жылдардың ортасынан бергі ең төменгі деңгейге түсті.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Еуропалық одақ Ресей газынан кезең-кезеңімен бас тарту саясатын жүзеге асырып келеді. 3 желтоқсанда Еуропарламент пен ЕО Кеңесі REPowerEU жоспары аясында 2027 жылға дейін Ресейден табиғи газ импортын толық тоқтатуды көздейтін регламент бойынша алдын ала келісімге келген.
Ресейдің «Газпром» корпорациясы мен Украинаның «Нафтогаз» компаниясы арасындағы газ транзиті жөніндегі келісім 2025 жылғы 1 қаңтарда аяқталды. Осыдан кейін Киев Ресей газын өз аумағы арқылы тасымалдауды тоқтатты. Соның салдарынан 2025 жылы «Газпромның» Еуропаға құбыр арқылы жеткізген газының көлемі 18 млрд текше метрге дейін қысқарған.
Еуропалық газ тасымалдау операторлары қауымдастығы ENTSOG дерегіне сәйкес, Ресей газының негізгі бөлігі қазір Еуропаға тек «Түрік ағыны» (TurkStream) құбыры арқылы жетіп отыр.
Сонымен қатар Ресей Еуроодақ елдеріне танкерлер арқылы сұйытылған табиғи газ (СТГ) экспортын жалғастыруда. Бұл бағытта Ресей АҚШ-тан кейінгі екінші ірі жеткізуші болып қалып отыр.
Брюссель бекіткен жоспарға сәйкес, Ресейден газ жеткізуге қатысты қысқа мерзімді келісімшарттар бойынша импортқа тыйым салу:
– сұйытылған табиғи газға – 2026 жылғы 25 сәуірден бастап,
– құбыр арқылы тасымалданатын газға – 2026 жылғы 17 маусымнан бастап күшіне енеді.
Ал ұзақ мерзімді СТГ келісімшарттарына тыйым 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі. Бұл Еуроодақтың 19-санкциялық пакеті аясында қарастырылған.
Айта кетейік, Украинадағы соғыс басталғанға дейін Ресей газы Еуроодақтың жалпы газ импортының шамамен 45 пайызын құраған.