Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:03, 24 Шілде 2025

Ресейдің Амур облысында Ан-24 ұшағы апатқа ұшырады: 50-ге жуық адам қаза тапты

Ан-24
Фото: «Ангара» әуе компаниясы

24 шілде күні Ресейдің Амур облысында «Ангара» авиакомпаниясына тиесілі Ан-24 ұшағы апатқа ұшырап, ұшақ бортындағы барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері қаза тапты.

Ресейлік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Тында қаласының маңында апатқа ұшыраған ұшақтың қирандылары таулы орманды аймақтан табылған. Оқиға орнынан алғашқы болып «Росавиация» қызметіне қарасты Ми-8 тікұшағы ұшақ фюзеляжының өртеніп жатқанын анықтаған. Ұшақ апатының нақты себебі әзірге белгісіз, бірақ тергеу органдары қону сәтінде  экипаждың қателікке жол беруі мүмкін деген нұсқаны қарастырып жатыр.

Апат қалай болды?

Ан-24 ұшағы Хабаровск – Благовешенск – Тында бағытында қатынаған. Апат Тында қаласына қону кезінде орын алған. Алғашқы қону әрекеті сәтсіз болып, ұшақ екінші айналымға кеткен. Осыдан кейін диспетчерлік қызметпен байланыс үзілген. Куәгерлер Тында маңында ұшақтың төмен ұшып өткенін видеоға түсіріп үлгерген.

Ұшақтың қалдықтары Тындадан 16 шақырым қашықтықтағы тау бөктерінен табылған. Құтқарушылар қиын рельеф пен өрттің салдарынан апат орнына тікұшақпен жете алмаған. Қазіргі таңда апат орнында жаяу іздеу-құтқару тобы жұмыс істеп жатыр.

Қанша адам болған және тірі қалғандар бар ма?

Әртүрлі дереккөздер бойынша, ұшақ бортында 46-дан 49 адамға дейін болған. Олардың қатарында 5 бала, 42–43 жолаушы және 6 экипаж мүшесі бар. Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі мен құқық қорғау органдарының хабарлауынша, ешкім аман қалмаған. Бұл мәліметті Амур облысының губернаторы Василий Орлов та растады.

Оқиға орнында тірі қалғандар анықталмады. Ұшақтың толық өртеніп кеткені туралы да мәлімет бар. Telegram-арналар оқиға орнынан видео жариялап, онда ұшақтың бөлшектері мен өртеніп кеткен аймақты көрсетті.

 

Тергеу және қылмыстық іс

Ресейдің Тергеу комитеті апат фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 263-бабы 3-бөлігі («Кем дегенде үш адамның өліміне әкелген әуе көлігі қозғалысы мен пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғады. Мамандар ұшақтың «қара жәшіктерін» іздестіріп, нақты себептерді анықтауға тырысып жатыр.

Ан-24 ұшағы 1976 жылы өндірілген. Дегенмен, «Ангара» авиакомпаниясы оның техникалық жарамдылық сертификаты 2036 жылға дейін ұзартылғанын мәлімдеген.