Ресейдің электр энергиясының жартысын Қазақстан сатып алады

2024 жылдың бірінші тоқсанында Ресейден Қазақстанға жеткізілетін электр энергиясы 29%-ға өсті. Бұл туралы ресейлік «Коммерсант» басылымы жазды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
«Қытайға жеткізілетін электр энергиясының азаюына байланысты, Қазақстан Ресейдің маңызды сатып алушысына айналды. Қаңтар-наурызда республикаға жеткізілген энергия көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29%-ға өсіп, 977,2 млн кВт/сағатқа дейін жеткен. Бұл Ресей Федерациясының барлық экспортының 50%-ға жуығын құрайды», - делінген хабарламада.
Ресейлік сарапшылар, Қазақстанда тұтынудың артуы мен өндіруші қуаттардың тозуына байланысты электр қуатының тапшылығы бар екенін айтады. Сондықтан, Ресейден электр энергиясын сатып алу көлемі азаймайды, деп жазады басылым.
Сондай-ақ, қаңтар айында максималды жеткізу көлемі 354 млн кВт/сағ болса, наурызда бұл көрсеткіш 280 млн кВт/сағ-қа дейін төмендеген.
Фото: Александр Казаков, Коммерсантъ