Ресейдің Қазақстандағы АЭС-ке ақшасы жетпеуі мүмкін - депутат Бапи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ресейдің Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салуға қауқары жететініне күмән келтіріп отыр.
Оның пайымдауынша, бұл жобаның артында саяси ойын жасырынуы мүмкін.
Депутат АЭС туралы жаңалықтар Қытай Халық Республикасы төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары қарсаңында тарағанын еске салды.
– Неліктен мұндай маңызды мәлімдемелер ҚХР басшысының сапарының алдында таратылды? - деп сұрақ қойды ол.
Бапидің пікірінше, бұл – дипломатиялық тәсіл болуы ықтимал. Яғни, жобаға Ресей ресми түрде басымдық алғанмен, іс жүзінде АЭС құрылысын бастап үлгермей қалуы мүмкін. Ал Қытай болса, құрылысқа ертерек кірісіп, жобаны жылдам жүзеге асырады. Мұндай жағдайда Ресей формалды түрде “беделін” сақтайды, ал шын мәнінде жобадан шеттетіледі.
– Ресей соғысқа байланысты үш жылу электр станциясының құрылысын қаржыландыра алмай отыр. Мұндай жағдайда алып АЭС жобасына ақша таба ала ма? Қытай Ресей қаржы жинағанша күте ме, әлде екінші АЭС-ті өзі бастап кете ме? Онда екінші АЭС бірінші АЭС-тің орнын ертерек басады, - деді депутат.
Оның айтуынша, егер алғашқы АЭС салынбай қалса, Қазақстан оны басқа елге тапсыруы мүмкін.
– Бірінші АЭС салына ма, жоқ па – бұл енді аса маңызды емес! Оны екінші станция ерте басып озады. Ал біріншісі мүлдем салынбауы да мүмкін. Алайда Қазақстан Ресейдің алдында беделін сақтап, жобаны үшінші елге – мысалы, Францияға немесе Оңтүстік Кореяға тапсыра алады, - деп түйіндеді ол.
Саяси сарапшы Данияр Әшімбаев та өз бағасын берді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас тұрақты түрде дамып келеді.
– Президент Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы диалог өзара түсіністікке негізделген. Тоқаевқа Қытай көшбасшысымен тіл табысу қиын емес – мәдени немесе тілдік кедергілер жоқ. Ол бұл кезеңді «қарым-қатынастың жаңа алтын дәуірі» деп атады, - деді сарапшы.
Сондай-ақ Әшімбаев Қытайдың Қазақстанмен әріптестік орнатқанда ешқашан саяси шарт қоймағанын айтты. Оның сөзінше, Қытай аймақта жүйелі және дәйекті саясат жүргізіп отыр, бұл – Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен, БРИКС, ШЫҰ және «Бір белдеу – бір жол» аясында дамытуға бағытталған әрекет.
Бұған дейін Қазақстанның атом энергетикасы агенттігі «Росатом» компаниясының елдегі алғашқы АЭС құрылысы бойынша консорциумда көш бастап тұрғанын хабарлаған еді. Агенттік басшысы Алмасадам Сатқалиев болашақта тағы бір АЭС салу жоспары барын мәлімдеген. Бұл жобада негізгі серіктес – Қытайдың мемлекеттік CNNC корпорациясы болмақ.
Сатқалиевтің сөзінше, АЭС құрылысы аяқталғаннан кейін Қазақстан оның толыққанды иесі болады. Сондықтан қауіпсіздікке, оның ішінде апат бола қалған жағдайда да, толық жауапкершілік Қазақстанға жүктеледі.