Ресейдің Кривой Рогқа зымыран соққысы: кемінде 12 адам жараланды
Кривой Рог қаласы билігінің мәліметінше, қалада энергиямен қамтудағы үзілістер жалғасып жатқан сәтте баллистикалық зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасалған. Соққы салдарынан жараланған 12 адамның ішінде бір бала бар.
Ресей 8 қаңтар, бейсенбі күні Кривой Рог қаласына бір мезетте бірнеше қару түрін қолдана отырып жаппай соққы берді. Нәтижесінде кемінде 12 адам, соның ішінде бір бала жарақат алды. Бұл туралы Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің уақытша басшысы Владислав Гайваненко хабарлады. Бұған дейін қала қорғаныс кеңесінің басшысы Александр Вилкул тоғыз адамның зардап шеккенін айтқан болатын. Вилкулдың сөзінше, олардың бірінің жағдайы өте ауыр, жарылыс салдарынан аяғы жұлынып кеткен.
Александр Вилкулдың мәлімдеуінше, Ресей Қарулы күштері қалаға «Искандер» кешенінен екі баллистикалық зымыран атқан, одан кейін Кривой Рог дрондармен шабуылға ұшыраған.
Зымыран жарылыстары салдарынан көпқабатты тұрғын үйлер зақымданды. Куәгерлер түсірген кадрлардан кемінде бір ғимаратта өрт шыққаны көрінеді.
БАҚ деректеріне сүйенсек, соққыдан кейін Кривой Рогта электр жарығы, жылу және су беру жүйелерінде ақау пайда болған. Шабуыл сәтінде қала бір күн бұрынғы Ресей атқылаулары салдарынан ішінара жарықсыз қалған еді – бұл соғыс басталғалы бергі ең ауқымды соққылардың бірі ретінде тіркелген.
Telegram-арналарда жаңа шабуыл кезінде қалада түсірілген видео мен фотосуреттер жарияланды. Ұлыбританияның BBC медиакомпаниясының Украина қызметінің хабарлауынша, баллистикалық зымырандармен соққы жасалған сәтте Кривой Рог әлі де жартылай блэкаут жағдайында болған.
Сол күні Херсон қаласында Ресейдің атқылауы салдарынан үш адам қаза тауып, тағы екі адам жараланған. Таңертең қалаға жасалған тағы бір шабуылда төрт адам жарақат алған.
Херсон облысындағы Тарас Шевченко ауылы маңында да бір адам қаза тауып, екі адам жараланды: Ресей дроны азаматтық автокөліктің үстіне жарылғыш зат тастаған.
7 қаңтар кешкісін Ресейдің соққылары салдарынан орын алған толық блэкауттан кейін Днепропетровск және Запорожье облыстарында билік электрмен қамтуды ішінара қалпына келтіре алды. DTEK энергетикалық компаниясының мәліметінше, бейсенбі күні түске қарай Днепропетровск облысында шамамен 500 мың отбасы әлі де электр жарығынсыз отырған.