Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Ресейдің Тернопольге жасаған шабуылы салдарынан 34 адам қаза тапты

Тернопль
Фото: Vlad Kravchuk/AP Photo/dpa

Тернополь қаласында 19 қарашада жасалған Ресей шабуылының салдарын жою бойынша жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды.

 Зымыран соққысы тұрғын үйлерге түскен, қаза тапқандар саны 34 адамға жетті. Тағы алты адам әлі де жоғалғандар қатарында.

Қаза тапқандар саны нақтыланды

Әскери әкімшілік басшысының орынбасары Тарас Пастух 23 қараша күні мәлімдеуінше, оқиға орнынан табылған мәйіттердің саны 34 адамға жеткен.

«34 адамның қаза тапқанын растай аламыз, олардың 33-інің жеке басы анықталды», - деді ол Telegram арқылы таратқан үндеуінде.

Тағы бір ер адамның сүйегі табылған, оның  жеке-басын сарапшылар анықтап жатыр. Жоғалғандар қатарында алты адам бар: екі ер адам, үш әйел және бір бала.

Іздестіру-құтқару жұмыстары тоқтатылды

Шабуылдан кейін төртінші күні, 23 қараша кешке құтқару жұмыстары толық тоқтатылды. Пастухтың айтуынша, енді полиция қызметкерлері қандай қару қолданылғанын анықтау үшін айғақтар жинауға кіріскен.

Алдын ала болжам бойынша, қалаға Х-101 типіндегі қанатты зымыранмен соққы жасалған. Алайда тергеу үшін қосымша дәлелдер жиналуда.

Пастух оқиға орнын қарап шығу барысында із-түзсіз жоғалғандардың денелері табылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Айта кетейік, 19 қарашаға қараған түнде Ресей әскерлері Тернопольге зымырандар мен дрондар арқылы бір мезгілде соққы берген. Нәтижесінде тоғыз қабатты тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып түсті, тағы бір тоғыз қабатты үй айтарлықтай зақымданды.

Ресей тарабы шабуыл кезінде бейбіт тұрғындардың қаза тапқанына қатысты түсініктеме бермеген. РФ Қорғаныс министрлігі соққы «әскери-өнеркәсіптік кешен нысандарына және энергетикалық инфрақұрылымға» бағытталғанын мәлімдеген.