Ресейдің Воронеж қаласындағы дрон шабуылынан 4 аудан жарық пен жылусыз қалды
Ресейдің батысындағы Воронеж қаласына түнгі уақытта дрон шабуыл жасады. Түн ортасында қаланың ірі жылу-электр орталығы (ЖЭС) отқа оранып, төрт аудан жарық пен жылусыз қалды.
Бұл туралы алғашқы деректерді ASTRA Telegram-арнасы мен жергілікті тұрғындар таратқан бейнежазбалар растады.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылды украиналық дрондар жасаған. Алайда кей дереккөздер соққыны дрон емес, зымыран келтірген болуы мүмкін деп болжайды. Воронеж облысының губернаторы Александр Гусев мәлімдегендей, бірнеше дрон радиоэлектрондық күрес жүйесі арқылы жойылған, бірақ коммуналдық нысандардың бірінде өрт шыққан.
«Өрт салдарынан кейбір аудандарда электр энергиясы мен орталық жылу беру уақытша тоқтады. Жақын арада бәрі қалпына келеді», – деді Гусев.
Билік өкілдері өртті сөндіру жұмыстары таңға дейін жалғасқанын, ал таңертең электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілгенін хабарлады. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Ресей Қорғаныс министрлігі үнсіз
Ресей Қорғаныс министрлігі шабуылға қатысты ресми түсініктеме бермеді. Түнгі есепте тек Брянск және Ростов облыстарының үстінен 44 дронның жойылғаны айтылған, бірақ Воронеж облысы аталған жоқ. Бұл жайт сарапшылардың назарын аударып отыр — себебі соңғы айларда Украина әскерінің Ресейдің шекара маңындағы энергетикалық және әскери нысандарға соққылары жиілеп келеді.
Шабуыл кезінде Воронеждің төрт ауданы мен бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындары электр мен жылудан ажырады. Жергілікті тұрғындар жарылыс даусын естіген. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда қызыл жалын мен түтін бағандары көрінеді.
«Бүкіл терезелер теңселіп, жарық сөнді. Бірнеше минуттан кейін ТЭЦ маңынан өрттің жалыны байқалды», – дейді куәгерлердің бірі.
Украина мен Ресей арасындағы соғыс қазір тек майдан шебінде емес, энергетикалық инфрақұрылымдарда да жүріп жатыр. 2022 жылдан бері Ресей Украинадағы электр желілеріне жүздеген соққы жасаған. Ал соңғы айларда Украина да Ресейдің ішкі аймақтарына жауап шабуылдарын жиілетті.
Сарапшылар мұны "симметриялы соққылар стратегиясы" деп атайды — Украина Ресейдің энергетикалық нысандарына соққы бере отырып, өз инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға жауап қайтарады.