Ресейге Африкадан не керек?

Ресей билігі Суровикин деген әскери қолбасшысын түрмеден босатты. Мұны Кремль оған тағы бір мүмкіндік берді, деп бағалауға болады.
Көптеген сарапшылар Путиннің Суровикинді Африкада және Таяу Шығыста пайдалану жоспары бар деп топшылауда. Пригожинге қарағанда сенімдірек, Кремльге соңына дейін бағынатын командир. Суровикин – Таяу Шығыстағы талай соғыста тәжірибе жинақтаған, ЧВК «Вагнер» тобындағы жалдамалы әскерлердің командирлерімен жақын таныстығы бар беделді қолбасшы. Ол «Вагнердің» Африкадағы армиясын толығымен өз бақылауына ала алады.Екінші жағынан Африканың көптеген елдеріндегі саяси тұрақсыздық пен төңкерістер Ресейге алпысыншы және жетпісінші жылдардағыдай «советшіл» жасанды мемлекеттер құруына мүмкіндік береді. Түрмеден босатылған Суровикин алдағы уақытта ресейлік «Вагнер» тобын басқаратын болса, бұлар Африкадағы жасанды мемлекеттердің әскери командирлеріне қауіпсіздік пен кепілдік бермек.
Қазір африкалық мемлекеттерді басқарып отырғандардың көбі кезіндегі қырғи-қабақ соғыс заманында ресейліктермен тығыз байланыста болған адамдар. Африкадағы президенттер мен билік басындағылардың көпшілігі ресейлік оқу орындары мен әскери академияларда оқыған. Сол байланыстарын пайдаланатын Кремль Африка елдерін Батысқа қарсы қойып, Ресей Африкада колонизаторға айналуы мүмкін. «Вагнер» Ресейге сол үшін керек.
Африкадағы режимдерді өз бақылауына алу Ресей билігі үшін өте-мөте маңызды. Олар қара құрлықта өздеріне қажет қауіпсіз жер жасап қоймақ. Ресейде алда-жалда билік ауысқан жағдайда Ресей элитасының бүгінгі өкілдері жасаған қылмыстары үшін жауап беруден жалтарып, де-факто Ресейдің қол астындағы африкалық елдердің біріне барып, бас сауғалай алады.
Ресей билігі әлі де уақыты бар екенін пайдаланып, болашаққа осындай жоспарын дайындауға көшті. Шойгу немесе Герасимов сияқты шенділер зейнетке кеткеннен кейін қалған өмірін тыныш, қауіпсіз өткізе алу үшін Ресей билігі Африка елдерінің бірін өзінің бақылауына алуы бек мүмкін.
Болат Бекеев