Ресейге қарсы 14-ші санкциялар пакеті: Еуроодақ қатаң шараларға көшті

Еуропалық Одақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар топтамасын дайындап жатыр.
Бұл туралы Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жаңа жоғары өкілі Кая Каллас мәлімдеді.
Еурокомиссияның вице-президенті Валдис Домбровскистің айтуынша, жаңа санкциялар пакетінде санкцияларды айналып өту жолдарын кесу және «шектеу шараларының кең тізімі» болады. ЕО теңіз арқылы Ресей өз мұнайын экспорттау кезінде баға шегін бұзуға тырысады.
Жаңа құжат жобасында «Северный поток» газ құбырларына қатысты санкциялар енгізу, сондай-ақ ресейлік мұнайдың бағалық шегін барреліне 60 доллардан 45 долларға дейін төмендету ұсынылған. Бұл қадам Ресейдің экспорттық кірістерін қысқартуға бағытталған.
Сонымен қатар Ресейдің мұнай тасымалдайтын «көлеңкелі флотына» жатқызылған 77 танкерге шектеу қою көзделуде. Бұл – Еуроодақтың ресейлік шикізаттың әлемдік нарыққа шығуын тежеуге бағытталған әрекеттерінің бірі.
Санкциялар тізімінде 22 ресейлік банкті SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажырату туралы тармақ та бар. Бұл ресейлік қаржы институттарының халықаралық операцияларға қолжетімділігін шектеуі мүмкін.
Сондай-ақ, құжатта Ресей Қарулы Күштеріне тікелей немесе жанама көмек көрсетіп отырған 22 ресейлік және шетелдік компанияны қара тізімге енгізу ұсынылған. Олардың ішінде Беларусь пен Қытайда орналасқан кәсіпорындар да бар.
Еурокомиссия Еуропадан тыс жерлерде жұмыс істейтін Батыс елдерінің еншілес компаниялары арқылы санкцияларды айналып өтуге қарсы тұру жолдарын іздеуде. Осыған байланысты Домбровскис өз филиалдарының күмәнді іскерлік операцияларына көз жұматын ұйымдардың жауапкершілікке тартылатынын айтты.
ЕО Ресейге және оның Украинаға қарсы соғысын қолдайтындарға қысым көрсетуді жалғастырмақ.
«Путиннің достарын және Ресейге санкцияларды айналып өтуге немесе оның әскери арсеналын толықтыруға көмектесетіндердің барлығын қудалауды жалғастырамыз», – деді ол.
Бұл санкциялар пакеті бекітілсе, Ресей экономикасына айтарлықтай қысым түсуі мүмкін. Ал Еуроодақ өз кезегінде Мәскеуді Украинадағы соғысты тоқтатуға итермелеу үшін дипломатиялық емес құралдарды да белсенді қолдана беретінін аңғартады.