Ресейге көмектескен тағы бір қазақстандық компания санкцияға ілінді
Ресейге микрочиптерді жеткізу схемасына қатысқан қазақстандық «Da Group 22» компаниясы бір күн бұрын жарияланған Еуропалық Одақтың санкциялар тізіміне енді.
Vlast.kz мәліметінше, компания 2022 жылдың наурыз айында Астанада тіркеліп, кейін құрылтайшыларын өзгерткен. Компания Германиядан Ресейге микрочиптерді жеткізумен айналысады.
Ал, «Da Group 22»-нің неміс серіктестері аталған компания өзін электроника құрастырушы ретінде таныстырғанын айтады.
«Da Group 22» Ресейге Украинадағы соғысын жалғастыру үшін қажетті қос мақсаттағы тауарларды алуға көмектескені үшін ЕО санкция тізіміне енген алғашқы компания емес.
Бұған дейін қазақстандық KBR-Technologies компаниясы Ресейге жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды жеткізуге қатысқаны үшін АҚШ-тың санкциялар тізіміне енген болатын.