Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:00

Ресейлік әскери қызметкер Қазақстаннан саяси баспана сұрады

Сарбаз
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан астанасындағы халықаралық әуежайдың транзиттік аймағында Ресей Федерациясының әскери қызметкері бірнеше күннен бері қалып қойған.

 Бұл туралы құқық қорғаушылар мәлімдеді.

Қазақстанның Халықаралық адам құқықтары бюросының (ҚХҚБ) дерегінше, 1990 жылы туған Ресей азаматы М. кемінде 28 желтоқсаннан бері Астана әуежайында жүр. Алдын ала мәлімет бойынша, ол соғыс жүріп жатқан көрші елдің қарулы күштерінен дезертир ретінде кеткен.

Қазіргі уақытта Қазақстанның Шекара қызметі оны ел аумағына кіргізуден бас тартып отыр. Алайда ресейлік азамат Қазақстаннан баспана беруді сұраған. Ол өз еліне оралған жағдайда қылмыстық қудалауға ұшыраудан, сондай-ақ әскери қызметтен бас тартқаны үшін түрлі репрессияларға тап болудан қауіптенетінін айтқан.

Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, ресейлік әскери қызметкер транзиттік аймақта бірнеше тәуліктен бері отыр.

Қазақстанның Халықаралық адам құқықтары бюросы Қазақстанның 1951 жылғы Босқындар мәртебесі туралы конвенцияға және оған қатысты 1967 жылғы хаттамаға қатысушы мемлекет екенін еске салды.

Осыған байланысты ҚХҚБ-ның елордадағы филиалы ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, Бас көлік прокуратурасына және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми өтініш жолдаған. Онда Ресей азаматы М.-ның босқын мәртебесін сұрау жөніндегі өтінішін тіркеп, оған ұлттық заңнама мен халықаралық адам құқықтары стандарттарына сай толыққанды рәсімнен өту мүмкіндігін қамтамасыз ету талап етілген.