Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:18, 15 Қараша 2024

Ресейлік әскерлер Курсктағы үйлерді тонап жатыр. Мұны облыстың экс-басшысы айтты

Курск
Фото: AP Photo/picture alliance

Кейінгі уақытқа дейін Курск облысының губернаторы қызметін атқарған Ресейдің көлік министрі Роман Старовойт бұл ауданда ресейлік әскерилердің тонау фактілері тіркелгенін растады. 

 «Курск Сейчас» Telegram-арнасында жарияланған  видеода  Глушково ауданының тұрғындарымен кездесуде ол Курскты тек бейбіт тұрғындар ғана емес сарбаздар да тонап жатқанын айтты

Старовойттың хабарлауынша, Глушково ауданы ауылдарындағы ұрыс кезінде тұрғындар тастап кеткен үйлерді тонау фактілері бір күн бұрын құқық қорғау органдарымен кездесуде талқыланған.

2024 жылдың мамырында Ресей Федерациясының көлік министрі болып тағайындалған Роман Старовойт жеткізу қызметі арқылы Ресейдің басқа аймақтарына олжаны тасымалдау фактілері туралы хабарлады. Ол бұған дейін құқық қорғау органдарына Курск облысының елді мекендерінде қауіпсіздікті күшейту міндеті қойылғанын айтты.

Губернатор тұрғындарға өтемақы төлеуге уәде берді

Курск облысының қазіргі губернаторы Алексей Смирнов те Telegram арнасында ұрыс қимылдарынан зардап шеккен шекаралас аудандардың тұрғындарымен кездесуі туралы хабарлады, бірақ ол ресейлік әскерилердің тонауын тілге тиек етпеді. Оның айтуынша, шарада «жеке көлік пен құрылыс техникасы үшін төлемге қатысты мәселелер» талқыланды. Ол жоғалған көліктер үшін өтемақы төлеуге уәде беріп, баспанасынан айырылған тұрғындарға баспана сертификаттары берілетінін мәлімдеді.

Бұған дейін ТАСС мемлекеттік агенттігі Украина қарулы күштерінің сарбаздары Глушково қаласында тонау жасап жатқанын хабарлаған. Өз кезегінде ресейлік «әскери тілшілер» бұл ауыл ешқашан украин әскерінің бақылауында болмағанын жазды.

«Агентство» басылымы да Курск облысындағы ресейлік әскерилердің тонау фактілері туралы жазған.

Тегтер: