Ресейлік азаматқа шабуылдаған алматылық жігіт 11 жыл 3 айға сотталды

Жамбыл облысында Меркен ауданындағы жанармай құю стансасында болған пышақпен шабуылға қатысты үкім шықты.
Айыпталушы 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Қанды оқиға 13 сәуірде трасса бойындағы жанармай бекеттерінің бірінде орын алған.
Ресей азаматы Александр Ярцев пен Алматы қаласының тұрғыны Мәжит Алиевтің арасында жанжал туындап, оның соңы пышақ жарақатына ұласқан. Алиев қарсыласына пышақпен арқасына және кеуде тұсына бірнеше рет соққы жасаған.
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының дерегінше, оқиға орнына куәгерлердің араласуы және жәбірленушінің қарсы әрекеті арқасында қылмыс соңына дейін жеткізілмеген. Алиевке "Суық қаруды заңсыз алып жүру және бұзақылық ниетпен адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша айып тағылды.
Мемлекеттік айыптаушы Дидар Қыраубеков соттан оған 15 жыл жаза тағайындауды және 100 АЕК көлемінде (393 200 теңге) айыппұл салуды сұрады.
Жәбірленуші де ең қатаң жаза беруді сұрап, 10 миллион теңге көлемінде моральдық, 1,3 миллион теңге көлемінде материалдық шығынды өндіруді талап етті. Алиев өз кінәсін мойындамағанымен, өкінетінін айтты. Сот оның кәмелет жасына толмаған балалары барын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген.
Қылмыстар жиынтығы бойынша, жеңілірек жаза неғұрлым қатаң жазаға жұтылып, сот 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар Алиев жәбірленушіге 500 мың теңге моральдық өтемақы және 1,3 миллион теңге материалдық шығын төлеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.