Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:49

Ресейлік дәрігерлер Көкшетаулық 10 жастағы баланың жүрегінде 50 сантиметрлік сымды ұмытып кеткен

Сым
Фото: БАҚ

Көкшетау қаласының тұрғыны Вероника Субач ұлының өміріне қауіп төндірген медицина қызметкерлерінің салғырттығы туралы айтып, әділдікке қол жеткізуге тырысуда. 

Оның айтуынша, Новосібірдегі Мешалкин атындағы Ұлттық медициналық орталықта жасалған операциядан кейін ұлының ағзасында ұзындығы шамамен 50 сантиметрлік металл сым қалып қойған.

Балаға ауыр туа біткен жүрек ақауы диагнозы қойылған. Бұған дейін ол екі рет Қазақстанда операция жасатып үлгерген. Үшінші, яғни Фонтен әдісімен жасалатын соңғы операцияны Ресейдің Новосібір қаласындағы клиникада өткізу ұйғарылған. Операция 2024 жылдың 27 наурызында өтті. Анасының айтуынша, процедура кезінде баланың сан артериясына катетер мен өткізгіш сым енгізілген. Алайда кейін баланың жағдайы нашарлап, дене қызуы көтеріліп, өкпесінде сұйықтық жинала бастаған. Бұл белгілер операциядан кейін пайда болған.

Қазақстанға оралғаннан кейін дәрігерлер баланың ағзасында бөгде зат барын анықтаған. Сым жүректен бастап санға дейін жетіп, венаның бітелуіне себеп болып отыр. Дәрігерлер мұндай жағдай тромбтардың пайда болуына және өмірге тікелей қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты.

Вероника Субач бұл жағдай жөнінде клиникаға хабар бергенімен, тек формалды жауап алған. Қазір бала амбулаториялық бақылауда, бірақ жағдайы нашарласа, шұғыл ауруханаға жатқызу қажет болуы мүмкін.

Осы оқиғаға байланысты баланың анасы Ресейдің Тергеу комитетіне, Росздравнадзор мен Денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсірді. Бұл істі Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин жеке бақылауына алған.

Тегтер: