Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:17

Ресейлік депутат көрші елдердің оқулықтарынан «русофобия» көретінін айтты

Андрей Луговой
Фото: Азаттық Радиосы

Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Андрей Луговой Орталық Азия елдері мен Әзербайжанды «русофобияда» айыптады.

 Оның сөзінше, мұндай көзқарастар аталған мемлекеттердің мектептегі тарих оқулықтарында көрініс тапқан. Бақылаушылардың пікірінше, бұл айыптаулар Ресейдің ақпараттық кеңістігінде үстем болып отырған ресми нарративтерге толық сәйкес келеді.

Қазақстан тарихы оқулығынан алынған мынадай үзінді Луговойдың наразылығын тудырған:

 «Халықтың үштен бірінен жартысына дейінін жоғалтып, репрессия, ашаршылық, экологиялық апаттар салдарынан генофондтың әлсіреуін бастан кешіріп, орыстандыру саясатының теріс әсерін көрген қазақ халқы мәдени-генетикалық кодын, қазақ мәдениетінің негізін құрайтын дәстүрін жоғалта жаздады, яғни өзін жоғалту қаупіне ұшырады. Жаңғырту үшін қазақ халқы тым ауыр баға төледі».

Луговой бұл мәтінді және басқа посткеңестік елдердің оқу құралдарын «Ресейге қарсы ақпараттық соғыс» деп бағалады.

Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзербайжан оқулықтарында Ресейдің отаршылдық саясаты туралы айтылуы ұнамайды. Патшалық кезең, күштеп ұжымдастыру салдарынан болған Ашаршылық, сталиндік репрессиялар мен халықтарды депортациялау тақырыптарын талқылауды ол «русофобия» деп атайды. Оның пікірінше, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің тұрғындары Мәскеуге тарихи өткен кезең үшін «алғыс айтуы» тиіс, ал өткенді қазбалауға болмайды.

«Тарихты кім қайта жазып жатыр? Ұлы Жеңіс туралы, ғасыр құрылыстары мен ең шалғай ауылдарға білім апарған орыс мұғалімдері туралы естелікті өшіру кімге тиімді?» — дейді Луговой YouTube-та жарияланған видеода.

Ол Орталық Азия елдерінің тарих оқулықтарының авторларымен «айналысуды» ұсынды. Оның айтуынша, кейбір авторлар қазір Ресейде жүр. Атап айтқанда, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде сабақ беретін қазақстақазақстанда Жандосоваға қатысты пікір білдіріп, оны «батыс арнайы қызметтерінің ықпалында» деп болжайды.

Қазақстандық құқық қорғаушы Сергей Дуванов бұл туралы:

 «Бұл — империялық сана. Империя әлсіреп, ыдырағанымен, оны қайта жинауға тырысып жатыр. Біреу басқа тарихты ұсынса, оны негатив ретінде көрсетсе, бұл — соғысқа дейін апаратын көзқарас. Украина — соның мысалы», — дейді.

Соңғы жылдары ресейлік депутаттар мен насихатшылар Орталық Азия республикаларының билігін де, азаматтарын да Кремль саясатына келіспегені үшін жиі сынап келеді. Тіпті 9 мамырдағы әскери шерулерді өткізу не өткізбеу сияқты ішкі мәселелер де сынға ұшыраған.

Қазақстан үкіметі 2020 жылы Дума депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Фёдоровтың «Қазақстан бұрын болмаған», «солтүстік жерлер Ресейдің сыйы» деген мәлімдемелерінен кейін Мәскеуге наразылық нотасын жолдаған еді. Ресми жауап болмағанымен, мұндай шабуылдар жалғасқан.

Қазақстандық саясаттанушы, «Тәуекелдерді бағалау тобының» директоры Досым Сәтпаевтың пікірінше, Мәскеудің посткеңестік елдерге көзқарасы өзгермейді. Бірақ қысым жасау әдістері Украинадағы соғыстың нәтижесіне байланысты өзгеруі мүмкін.

Тегтер: