Ресейлік дезертир Қазақстан астанасының әуежайында бір айдан астам уақыттан бері өмір сүріп жатыр
Ресей азаматы, Шешенстан тумасы Зелимхан Муртазов бір айдан астам уақыт бойы Астана әуежайының транзиттік аймағында қалып отыр.
Ол Қазақстаннан саяси баспана сұрағанымен, осы уақытқа дейін ел аумағына кіргізілмей, депортациялану қаупінде.
Муртазов желтоқсан айының соңында Украинадағы соғысқа мәжбүрлі түрде қатысудан бас тарту мақсатында Қазақстанға келген. Алайда оған елге кіруге рұқсат берілмеген.
Оның ағасы Турпал Муртазовтың айтуынша, Зелимхан әскери қызметтен қашып кеткен. Сондықтан Ресейге қайтарылса, оған қылмыстық қудалау мен азаптау қаупі төнуі мүмкін. Ол бұған дейін «Ахмат Юг» және «Ахмат Запад» бөлімшелерінде қызмет атқарып, шамамен үш жыл бойы соғыс аймағында болған.
Турпал Муртазовтың сөзінше, Зелимхан соғыс аймағынан шығып, Қазақстан арқылы Түркияға ұшып барған. Алайда түрік шекарашылары оны елге кіргізбей, Қазақстанға кері қайтарған. Астанаға келген соң, оның шетелдік төлқұжатын түрік тарапы алып қойғаны анықталған. Осыдан кейін қазақстандық шекара қызметі ұлттық қауіпсіздікке байланысты себептерді алға тартып, оны ел аумағына өткізуден бас тартқан.
Нәтижесінде Зелимхан әуежайдың транзиттік аймағында қамалып қалып, орындықтарда түнеуге мәжбүр.
«Ол сол орындықтарда ұйықтайды. Басында күніне бір рет транзит аймағындағы кафелерге барып тамақтанатын. Танысымыз Қазақстаннан интернет арқылы тапсырыс беріп, ақысын төлеп отырған. Қазір бұл жағдай жария болғаннан кейін, көмектесіп жатқан адамдар көп. Ақша, тамақ, түрлі заттар жіберіп жатыр. Бір әйел оның киімдерін алып кетіп, жуып, қайта әкеліп берді. Ал жуыну мәселесіне келсек, қателеспесем, осы уақыт ішінде бар болғаны үш рет қана душқа түскен. Әуежайдың бір жеріндегі душқа апарған. Сонымен қатар транзит аймағында мешіт (намаз оқитын бөлме) бар, сол жерде дәрет алып, намазын оқи алады», – дейді Турпал Муртазов.
Зелимханға көмек әуежай мен шекара қызметкерлері арқылы көрсетіліп жатыр. Бөгде адамдар транзиттік аймаққа кіре алмайды, сондықтан тамақ, киім-кешек пен қажетті заттар әуежай қызметкерлері арқылы жеткізіледі. Адвокаттар да онымен жеке әрі құпия түрде кездесе алмай отыр.
Турпал Муртазовтың айтуынша, Қазақстан билігі Зелимханға Арменияға, Беларуське немесе Қырғызстанға ұшуды ұсынған. Алайда отбасы бұл елдерді қауіпсіз деп санамайды, себебі ол жақтан Ресейге экстрадициялануы мүмкін деп қауіптенеді. Туыстары оны Еуропаның бір еліне шығарып алуға үміттеніп отыр.
Адвокаттар Рена Керимова мен Елена Жигаленок Қазақстанға келіп, құқықтық көмек көрсетуге аттанған. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты олардың ұшағы Астанаға қона алмай, Қарағандыға қонуға мәжбүр болған. Осыдан кейін заңгерлер елордаға автокөлікпен жол тартқан.