Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:45

Ресейлік фермерлер: “Қазақстанның киіктері бізді шығынға ұшыратып жатыр”

Киік
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Ресейдің Саратов облысындағы аграршылар Қазақстаннан жаппай көшіп келген киіктердің кесірінен орасан шығынға ұшырап жатқанын айтып, Ресей президенті Владимир Путинге шағымданды. 

Аймақ елдегі ірі астық өндірушілердің бірі саналады, алайда фермерлер биыл өнімсіз қаламыз ба деп алаңдаулы. Себебі киіктер жайылымдарды таптап, егіс алқаптарын жеп тастап жатыр, деп хабарлайды 164.RU порталы.

Фермерлердің айтуынша, киіктердің саны күн сайын артып келеді, соған сай келтірген залал да өсіп жатыр. Киіктерді атуға болмайды – олар Қызыл кітапқа енген, ал олардан келетін зиянды ешқандай сақтандыру өтемейді.

«Билік киіктерге тиме дейді, әйтпесе миллион теңге айыппұл мен қылмыстық іс. Ал олар 14 мыңдап келіп, бәрін жеп кетеді. Сақтандыру да көмектеспейді. Бірде шегіртке, енді міне киік. Шегірткені улап қуа аласың, ал киікпен не істеу керек екені түсініксіз», – дейді Новоузен ауданындағы шаруа Павел Чиканков.

Фермерлер киіктердің алқаптарды таптап жатқанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялап жатыр. Сондай-ақ, Кіші Өзен өзенінде ондаған киіктің өлексесі жүзіп жүрген видео да тараған. Жергілікті билік олардың денелерін жинап, жоятындарын айтты. Бірақ тұрғындар судың енді тұтынуға жарамсыз болғанына алаңдап отыр.

Зардап шеккен шаруалар бірігіп, президентке хат жолдап, видеоүндеу жазды. Онда олар: «Мұндай жағдай ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының болашағын қауіпке тіреді. Ауыл шаруашылығы өнімін өсіру, мал бағу мен жем дайындау мүмкін болмай қалды», – дейді.

Фермерлер бірнеше рет жергілікті билікке жүгінгенімен, нәтиже болмаған. Киіктер ауыл шаруашылығы зиянкестері тізімінде жоқ болғандықтан, олардың келтірген зиянына қатысты сақтандыру қарастырылмаған. Ал оларды атуға халықаралық табиғатты қорғау ұйымдарының талабымен тыйым салынған.

«Сізден киік санына бақылау жасау немесе жабайы жануарлардан келетін зиянның орнын толтыру жолдарын қарастыруды сұраймыз», – делінген үндеуде.

Осы үндеуден кейін Саратов облысының шенеуніктері киік шабуылынан зардап шеккен шаруалардың алқаптарын аралап шықты. Олар үш ауданда арнайы комиссия залалды есептейтінін және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көмек көрсету жолдары қарастырылып жатқанын айтты.

164.RU мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Саратов облысына Қазақстаннан 60 мың киік келген. Салыстырмалы түрде, 2020 жылға дейін бұл өңірге жылына бар болғаны 150 шақты киік қана өтіп жүрген.

Ал Қазақстанда Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, киік зардабын шеккен шаруаларға инвестициялық субсидия берілмек. Бұл мақсатта аймақтық әкімдіктерге шарбаққа арналған торлар мен бағаналарға қаржы бөлу тапсырылған.

Тегтер: