Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:40

Ресейлік миллиардердің ұлы Маңғыстауға көз тікті

Агаларов
Фото: ашық дереккөз

Ресейлік кәсіпкер, шоу-бизнес өкілі және миллиардерлер әулетінің өкілі Эмин Агаларов Маңғыстау облысында заманауи курорттық кешен салуды жоспарлап отыр. 

Бұл туралы ол Әзербайжанда өткен Kazakh Tourism және Sea Breeze Resort арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі барысында мәлімдеді.

Келіссөздер кезінде тараптар Каспий теңізінің қазақстандық жағалауында, нақтырақ айтқанда, Ақтаудағы Кендірлі және “Жылы жағажай” аумақтарында Sea Breeze үлгісіндегі демалыс орны салу мүмкіндігін талқылады. Агаларов жобаның әлеуетін жоғары бағалап, алдағы уақытта Маңғыстауға арнайы сапармен келіп, құрылыс үшін қолайлы жерлерді өз көзімен көретінін айтты.

— Келесі бағытымыз — Ақтау. Қазақстан мен Әзербайжан – тарихи әрі мәдени тұрғыдан тығыз байланысты елдер. Біз бұл жобамыз арқылы бауырластықты одан әрі бекемдейміз деп сенеміз, – деді ол.

Эмин Агаларов туралы не білеміз?

Эмин Агаларов — Ресейлік ірі кәсіпкер, Crocus Group компаниясының негізін қалаушы және басшысы Араз Агаларовтың ұлы. Араз Агаларов Кремльмен тығыз байланыста, Владимир Путиннің серіктесі ретінде белгілі. Ол үкіметтен жабық тендерлер арқылы ірі мемлекеттік тапсырыстар алып, “Единая Россия” партиясының сенімді қолдаушысы саналады. Сонымен қатар Путиннің билікте өмір бойы қалуын ашық түрде қолдайтынын да бірнеше рет мәлімдеген.

Жаңа курорттық жоба іске асса, ол Маңғыстау облысындағы туризм саласына тың серпін беріп, өңір экономикасын дамытуға ықпал етуі мүмкін. Sea Breeze стиліндегі демалыс кешендері сән-салтанаты мен қолайлы инфрақұрылымымен танымал, сондықтан Ақтаудағы жаңа жоба туристердің қызығушылығын арттыруы ықтимал.

Тегтер: