Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:15

Ресейлік Перл-Харбордағы Зеленский мінген Троя аты

1
Фото: ашық дереккөз

Ресей Украинаға шабуыл жасағалы, екі жақ қан-қасап соғыс жүргізіп жатқалы 3 жыл 3 ай болды. Екі жақтан да соғыс шығыны орасан. Әсіресе Украинада бейбіт тұрғындар оққа ұшып, тұрғын үйлер қирап, халық жапа шегіп отыр. Ал Ресейдің соғыс құмар армиясы жүз мыңдап майдан даласында қырылып жатыр. Ал соғыстың тоқтайтын түрі жоқ.

Ақ үйге қайта оралған Дональд Трамп айқасты бір тәулікте тоқтатамын деп уәде еткенде, бір тәулікте болмаса да, жуық арада соғыс аяқтайтын болар деген үміт оянған. Бірақ АҚШ президентінің уәдесі бос сөз болып шықты. Керісінше, оның түсініксіз ұстанымы мен екіұшты мәлімдемелері жағдайды шиеленістіріп жіберді. Трамп бірде «соғыс оты тұтануына себеп болды деп» Украина президенті Владимир Зеленскийді айыптады, бірде «ақылынан алжасты» деп Ресей басшысы Владимир Путинді сынға алды. Еуропа елдері де бұл қақтығысқа қатысты батыл қадам жасай алмай отыр. Әлем жұрты кейінгі кезде бейбіт келіссөзден күдер үзе бастаған.

Бірақ мамырдың басында Мәскеу бетпе-бет келіссөзге ниет білдіріп, Түркияда кездесуге келісті. Тіпті Зеленский мен Путиннің өзі кездесуі мүмкін екені айтылған. Бірақ 16 мамырда Ыстамбұлдағы келіссөзден еш пайда болған жоқ. Ресей делегациясын бастап барған Путиннің көмекшісі Владимир Мединский қойған талаптарды Украин тарапының қабылдауы мүмкін емес еді. Мединский Киевтен Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарының қолдан кеткенін мойындауды талап еткен. Сондай-ақ Украина бұл талаптан бас тартса, Ресей Сумы және Харьков облыстарына шабуыл жасап, «мәңгілікке» соғысады деп қыр көрсеткен.

Мұндай орынсыз талап қойғанына қарап, сарапшылар келіссөзге келісу Кремльдің 9 мамырдағы Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына арналған әскери шеруді ың-шыңсыз өткізіп алу үшін жасаған уақытша маневрі деп бағалады. Өйткені 16 мамырдан кейін Киевке бағытталған шабуылды үдетіп жіберген. Келіссөзден кейінгі аптада Ресей Украинаны дрон және зымырандармен толассыз соққылап, шабуыл рекордтық деңгейге жетті. Мысалы, үш күнде Мәскеу Украина аумағына 996 дрон мен зымыран атқан. Ал 25 мамырда бірден 298 дрон ұшырды. Салыстыру үшін айтсақ, Ресей бұрын күніне 30–40 дрон ататын, қазір оның саны бірнеше жүзге жетіп отыр. Украина барлау қызметі Кремль алда бір мезетте 500–1 000 мың дронмен шабылдауы мүмкін деп болжайды.

Мәскеу сұрапыл шабуыл мен бетпе-бет келіссөздің 2 маусымдағы екінші раундына дайындықты қатар жүргізді. Бұл Путиннің ішкі есебі болатын. Ол шабуылды үдетіп, Киевті теңсіз келісімге итермелегісі келетіні көрініп тұрды. Өйткені Украина мен Трамп әкімшілігінің өтінішіне қарамастан, Мединскийдің келіссөз процесінен шеттеткен жоқ. Ол тағы да ресейлік делегацияны Ыстамбұлға бастап баратын болды.

Сондай-ақ 28 мамыр күні Reuters агенттігі Путиннің соғысты тоқтату үшін қойған шарттарын жариялады. Кремль Киевке ғана емес, Батыс елдеріне де қатаң шарт қойған. Яғни НАТО-ны шығысқа қарай кеңейтуді тоқтатып, Украина, Грузия, Молдова сияқты бұрынғы КСРО елдерін НАТО-ға қоспауды, Украинаның бейтарап мәртебесін заңдастыруды, елдегі орыстілді халықтың құқықтарын қорғауды, Ресейге салынған кей санкцияны алып тастауды талап етті.

Украинаның тосын сыйы

Осы аралықта Украина тарапы да қол қусырып қарап отырмапты. 2 маусымдағы келіссөз алдында Мәскеудің қысым көрсету тактикасына қарсы қарымтасы бар екен. Киев 1 маусым, жексенбі күні соғыс басталғаннан бергі ең ірі шабуылын ұйымдастырды. Сарапшылар мен көпшілік бұл шабуылды әскери тарихқа енетін мүлде жаңа соғыс тактикасы деп бағалап отыр.

Украина жаздың алғашқы таңында «Өрмек» («Паутина») операциясын ұйымдастырып, Ресейдің бірнеше өңіріндегі стратегиялық маңызы бар әскери әуе базасына дронмен шабуыл жасады. Украина қауіпсіздік қызметі шабуылдан «Ресейдің негізгі аэродромдарында тұрған қанатты зымыран тасымалдайтын ұшақтардың 34 пайызы, яғни 41 ұшағы зақымданды немесе жойылды» деп хабарлады.

Ресейдің төрт ірі әскери әуе базасы – Белая (Иркутск облысы), Оленя (Мурманск облысы), Дягилево (Рязань облысы) және Иваново (Иваново облысы) нысанаға ілінді. Ту-95, Ту-22М3, А-50 сияқты ұшақтар жойылған. Х әлеуметтік желісіндегі Intelshizo арнасының ақпаратына сенсек, соққыдан кемінде 7 дана Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшағы (тағы біреуі зақымданған), 4 дана Ту-22М3 стратегиялық бомбалаушы ұшағы, бір дана Ан-22 әскери-көлік ұшағы жойылған.

Қолда бар ақпарат бойынша, Ресейде шамамен 150 стратегиялық бомбалаушы ұшақ бар, оның 100-і пайдалануға жарамды. Дрон шабуылында шынымен 41 ұшақтың күлі көкке ұшса, Ресей әуе күшіне өте үлкен соққы болды деген сөз. Мұнша үлкен шығынның орнын толтыру өте қиын. Оның үстіне санкцияға байланысты шетелден қажетті компоненттер әкеліп, ұшақ құрастыру мүмкін емес. Бірақ 41 ұшақтың қирағаны әлі расталған жоқ, бұл сан әлдеқайда аз болуы да мүмкін.

Зеленский Ресейдің стратегиялық аэродромдарына дронмен шабуыл жасау – Украина қауіпсіздік қызметінің арнайы операциясы екенін растап, «нәтиже өте керемет болды. Мұны Украина өз күшімен іске асырды. Жоспарлауға кіріскеннен бастап сәтті жүзеге асырғанға дейін бір жыл, алты ай, тоғыз күн өтті. Бұл – ең алыстағы нысанаға соққы берген операциямыз» деп жазды Telegram парақшасында.

Операция барысы. Украина қауіпсіздік қызметі операцияны жүзеге асыруға бір жарым жыл дайындалғанын хабарлады. Операция барысын Украина президенті Владимир Зеленский өзі бақылаған, оны жүзеге асыруға СБУ басшысы Василий Малюк жауапты болған. Олар алдымен FPV-дрондарын Ресей аумағына контрабандалық жолмен кіргізген. Кейін ағаштан жасалған шағын контейнерлерді жеткізген. Дрондарды контейнерлерге жасырып, оны жүк көлігіне тиеп, Ресей тылына енген. Контейнер қақпағын ашу және дрондарды ұшыруды қашықтан басқарған. Ресей аумағында операцияға қатысқан украиндер шабуылдан бұрын елден шығып кеткен.

Зеленский шабуылды «тарих оқулығына енетін тамаша нәтиже» деп бағалап, операция барысын біршама ашық жариялады. Оның айтуынша, операцияда 117 дрон пайдаланылған. Шабуыл Ресейдің көп өңірін – үш уақыт белдеуін қамтып, өте ауқымды болған. Мысалы, Белая авиабазасы (Иркутск облысы) Украина шекарасынан 4,5 мың шақырымда, Оленя (Мурманск облысы) 1,7 мың шақырым қашықтықта орналасқан. Яғни Киев бұл операция үшін Ресейдің ішкі аумағына енген. «Ең қызығы, операция барысындағы бір «офисіміз» Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі штаб-пәтерінің жанында орналасқан» деді Зеленский.

117 дронның Ресейге контрабандалық жолмен кіруі, дрон тиелген жүк көлігінің 4,5 мың шақырымға дейін ішкерілей енуі, операцияға жетекшілік еткен «офис» ФСБ штаб-пәтерінің жанында тұрып, көзге түспеуі – Ресей қауіпсіздік қызметіне ауыр сын болды. Мұны пропагандашыл Z-блогерлердің өзі жазып жатыр. Ресейдің жауынгерлік авиациясы туралы жазатын Fighterbomber арнасының авторы «бұл күн тарихқа Ресей авиациясы үшін қаралы күн ретінде енеді» деп жазды. Ал «Два майора» арнасының авторлары «бұл – ядролық стратегиялық күштердің тепе-теңдігіне тікелей нұқсан келтірді, еліміздің ядролық қауіпсіздігінің төмендегенін көрсетеді» деп жазды. «Бұл ресейлік Перл-Харбор» деп аһ ұрып жатқан сарапшылар да аз емес.

Операцияның маңызы. «Ресейлік Перл-Харбор» деген сөз бекер шығып отырған жоқ. Әскери сарапшылар операцияны ХХІ ғасырдағы ең әсерлі әрі тосын шабуылдардың бірі болды деп бағалап отыр. Олар 1941 жылы Жапония авиациясы АҚШ-тың Тынық мұхиттағы ең ірі әскери базасы – Перл-Харборға дәл осылай тұтқиыл шабуыл жасағанын айтып, «Өрмек» операциясын тарихи шайқастармен салыстырып жатыр. Символдық тұрғыда 1905 жылы Цусима бұғазында Жапония флоты Ресей теңіз флотын тас-талқан еткенін еске алып жатқандар бар. Ол шабуыл Ресей империясы үшін ауыр әскери және моральдық соққы болып, патшалық биліктің күйреуіне әсер еткен. Көпшілік ағаш контейнерге жасырылған дрондар «Троя аты» аңызын еске түсіретінін де айтады.

Украина қауіпсіздік қызметі бұл шабуылдан Ресей әскери авиациясы 7 миллиард доллар зиян шеккенін хабарлады. Сондай-ақ Ресейдің бірқатар ірі компаниясының акциясы құлдыраған. Мысалы, «Сбербанк» акциясы – 2,3 пайыз, «Газпром» акциясы – 3,1 пайыз төмендеді.

Ресейдің реакциясы. Ресей Қорғаныс министрлігі Украинаның әскери аэродромдарға шабуыл жасағанын растап, «авиациялық техниканың бірнешеуі өртенгенін» хабарлады. Сондай-ақ олар бұл оқиғаны «Киев режимінің лаңкестік әрекеті» деп атап, шабуылды терактіге балап отыр. ТАСС агенттігі әскери тергеушілер Украинаның Курск қаласындағы азаматтық нысандарға түнгі уақытта жасаған терактілік шабуылы бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

Ресейлік әскери блогерлер теория жүзінде мұндай шабуыл Ресейдің ядролық доктринасында жазылған «стратегиялық ядролық күштер нысандарына жасалған шабуылға ядролық қарумен қарымта қайтаруға болады» деген қағидаға сай келеді деп шулап жатыр. Бұл блогерлерге Путиннен жұққан әдет. Кремль қожайыны да қарсыластарын үнемі ядролық қарумен қорқытып жүреді. Бірақ бұл жолғы шабуылға байланысты ресми реакция білдірген жоқ.

Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзев пен Мурманск облысының губернаторы Андрей Чибис аймаққа украин дрондары шабуыл жасағанын растап, «шабуыл тойтарылғанын, ешкім зардап шекпегенін» хабарлады. Украина мен Ресей таратқан ақпарат бір ізді емес. Украина тарапы қарсыласын ауыр шығынға ұшыратқанын айтса, Мәскеу «бірер дана ғана» техника шығынға ұшырағанын айтады. Қалай болғанда да классикалық әскери логикаға сыймайтын «Өрмек» операциясы Украина мен Ресей арасындағы қақтығысты жаңа деңгейге шығарды.

2 раунд!

Осыдан бір күн өткенде 2 маусым кешке Ыстамбұлда Ресей мен Украина өкілдері арасындағы тікелей келіссөздің екінші раунды өтті. Келіссөз шамамен бір сағатқа созылды. Яғни тараптар 16 мамырдағы кездесуден де қысқа сөйлесті. Кездесу Босфор жағалауындағы Чираған сарайында өтті. Өткен жолғыдай ресейлік делегацияны Мединский, ал Украина делегациясын қорғаныс министрі Рустем Умеров басқарды. Украин тарапы құрлықта, теңізде және әуе кеңістігінде соғысты тоқтату, «бәрін бәріне» форматы бойынша тұтқын алмасуды, Ресей алып кеткен 339 баланы қайтаруды, қайтыс болған сарбаздар денесін беруді талап етті. Сондай-ақ Украина делегациясы Ресей мен Украина президенттерінің кездесуін 20–30 маусымға белгілеуді ұсынды, кездесуге АҚШ президенті де қатысуы қажет.

Ал Мәскеу Киевтің шартсыз атысты тоқтату туралы ұсынысынан бас тартты. Ресей Украинаға «майданның кей бөлігінде атысты 2-3 күнге тоқтатуды» ұсынған. Бұл «командирлер өз сарбаздарының мәйітін алып кетуі үшін» керек екен. Мединский Украинаның балаларды қайтару туралы талабын мазаққа айналдырып, «Еуропадағы баласыз кемпірлер үшін қойылым жасамаңдар» деп мысқылдаған. Financial Times басылымы кездесу барысында делегациялар қол алыспағанын, ымыраға келуге жол ашатын ешқандай ұсыныс жасамағанын хабарлады. Демек Кремльдің келіссөз алдындағы бопсасы да, Киевтің «Өрмек» операциясы да қос тарапты татулыққа шақыра алған жоқ. Керісінше, соғыс өрті өршіп барады.

Қуаныш Қаппас