Ресейлік пропагандашы Тигран Кеосаян қайтыс болды

59 жастағы режиссер, продюсер және тележүргізуші Тигран Кеосаян дүниеден өтті.
Оның өлімі туралы жұбайы, Russia Today бас редакторы Маргарита Симонян хабарлады.
Кеосаян 2024 жылдың желтоқсанында ауруханаға жатқызылған болатын. 2025 жылдың қаңтарында ол клиникалық өлімді бастан өткеріп, содан бері ес-түссіз жатқан. Жақындарының айтуынша, оның жүрек ауруы бұрыннан бар еді.
Маргарита Симонянның өзі де ауыр дертке шалдыққан. 2025 жылдың қыркүйегінде ол онкологиялық аурудан емделіп жатқанын, күрделі ота жасалғанын және химиятерапия салдарынан парик тағып жүргенін мәлімдеген.
Тигран Кеосаян «Бейшара Саша» (1997), «Президент және оның немересі» (1999), «Қырым көпірі. Махаббатпен жасалған» (2018) сынды фильмдердің режиссері ретінде белгілі. Сондай-ақ ол РЕН ТВ, «Россия» және НТВ арналарының тележүргізушісі болып еңбек еткен. Оның соңғы жобасы – үгіт-насихат сарындағы «Халықаралық ара» атты сатиралық шоу еді.
2022 жылы Кеосаян Украинаға қарсы ақпараттық науқанға қатысқаны үшін Еуроодақтың санкциялар тізіміне енгізілген болатын.
Еске сала кетейік, 2022 жылы Тигран Кеосаян өз телебағдарламаларының бірінде Қазақстанға ашық түрде қоқан-лоқы жасап, қорлайтын сөздер айтқан еді. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2022 жылғы 27 сәуірде ресейлік пропагандистің бұл мәлімдемесіне байланысты пікір білдіріп, оны елге кіруге тиым салынған тұлғалар тізіміне енгізу ықтималдығын жариялады.