Ресейлік пропагандист Соловьёв Орталық Азияда да арнайы операция бастау керек деп мәлімдеді
Ресейлік тележүргізуші әрі пропагандист Владимир Соловьёв өзінің Соловьёв LIVE авторлық бағдарламасының эфирінде Ресей Украинада жүргізіп отырған соғыс логикасын посткеңестік елдерге де соның ішінде Орталық Азияға да қолдануға болатынын айтты.
Ол халықаралық құқық пен халықаралық тәртіпті ашық түрде жоққа шығарып, Орталық Азияны «Ресейдің ықпал аймағы» ретінде сипаттап, «біздің Азия», «біздің Орта Азия» деген тіркестерді қолданған.
Соловьёв эфир барысында АҚШ-тың Гренландия мен Венесуэлаға қатысты ұстанымдарын мысалға келтіріп, оларды Ресей әрекеттерімен салыстырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда Мәскеу үшін басым бағыт Сирия немесе Венесуэла емес, Армения мен Орталық Азия елдері болуы тиіс.
«Біз өз позицияларымызды жоғалтпауымыз керек. Біз үшін ең бастысы – жақын шетел. Арменияда болып жатқан оқиғалар Венесуэладан әлдеқайда маңызды. Ал “олар Орталық Азия деп атайтын, біз үшін – біздің Азия” аймағындағы мәселелер Ресей үшін аса үлкен қатерге айналуы мүмкін. Егер ұлттық қауіпсіздігіміз үшін Украинада “СВО” бастау қажет болды десек, дәл сол логикамен басқа аймақтарға да неге бастауға неге болмайды?» - деді ол.
Айта кетейік, Соловьёв бұған дейін де агрессивті мәлімдемелерімен ТМД елдері қоғамында бірнеше мәрте наразылық тудырған. Бұл жолғы сөздері әсіресе Өзбекстан мен Қазақстанда қатты сынға ұшырады.
Сарапшылардың айтуынша, Соловьёвтің бұл мәлімдемесі – тек жеке пропагандистің сөзі емес, Ресей ақпараттық кеңістігіндегі қауіпті үрдістердің айқын көрінісі.