Ресейлік саясаттанушы ашаршылық тақырыбына байланысты Қазақстанға қоқан-лоққы жасады
Ресейлік саясаттанушы әрі тарихшы, Ресейдің мемлекеттік БАҚ-тарына тұрақты спикер ретінде қатысып жүрген Дмитрий Верхотуров ашаршылық тақырыбына байланысты Қазақстанға бағытталған қоқан-лоққы сипатындағы мәлімдеме жасады.
Бұл туралы ҚазТАГ жазды.
«Ашаршылыққа қатысты осы мәселелер Қазақстан үшін жай ғана қауіпті емес, бұл – мемлекеттіліктің өзі үшін қауіпті. Украинамен не болғанын көріп отырсыздар ғой, Қазақстанмен не болады? (...) Олар Украинадағы майданшылдар жүргізген саясатты қайталай алады, бірақ бұл қарулы қақтығысқа әкеледі. Қазақстан, біріншіден, дайын емес, екіншіден, Ресейге қарсы тұратындай тым әлсіз әрі кішкентай ел», – деді Верхотуров желіде кең таралған сұхбаттарының бірінде.
Оның айтуынша, осы жағдайды есептегенде қазақтар ескеруге тиіс тағы бір жайт бар.
«Біз үшін украиндар – өте жақын туыс, дерлік өз адамдарымыз. Соған қарамастан, иә, олар бізді сондай жағдайға жеткізді. Ал қазақтар орыстар үшін туыс емес. Иә, олармен достасуға болады және тағы сол сияқты, бірақ бәрібір олар алыстау. Сондықтан, олармен соғысуға ықылас көбірек болады және, бәлкім, украиндарға қарағанда қатаңырақ болады», – деді Верхотуров.
Айта кетейік, Верхотуров «Болмаған қазақ геноциді» атты кітаптың авторы.
Тарихшылардың бағалауынша, 1930-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының саны түрлі деректер бойынша шамамен 2 миллион адамға жетеді. Оның басым бөлігі (шамамен 90%) – этникалық қазақтар. Қазақ халқы сол кезеңде өз санының жартысына жуығын жоғалтты. Мәселен, 1926 жылы шамамен 4 миллион қазақ болса, ашаршылық салдарынан 1939 жылға қарай олардың саны 2,3 миллионға дейін қысқарған.
Қазақстанда бұл қасірет мемлекеттік деңгейде ресми түрде еске алынады: 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген. Астана мен Алматы қалаларында ескерткіштер орнатылған, сондай-ақ архивтерді зерттеу және қаза тапқандардың есімдерін қалпына келтіру үшін арнайы мемлекеттік комиссиялар жұмыс істейді.
Сонымен бірге, өзін КСРО-ның құқықтық мұрагері деп санайтын Ресей Қазақстан мен Украинадағы ашаршылық тақырыбына сезімтал қарайды. Себебі бұл трагедияның негізгі себебі ретінде кеңестік Мәскеудің қылмыстық саясаты аталады.