Ресейлік туристі қорлаған жүргізуші 5 тәулікке қамалды
Алматыда жол үстінде шетелдік туристі қорлаған қала тұрғыны полиция тарапынан ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Полицияның мәліметінше, қала көшелерінің бірінде қозғалып келе жатқан автокөлік жүргізушісі терезені ашып, басқа көлікте отырған ресейлік азаматқа қатысты қорлайтын сөздер айтып, әдейі жанжал шығарған. Оқиға бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желілерде тараған.
Аталған дерек бойынша құқық бұзушының жеке басы анықталып, ол ұсталған. Материалдар сотқа жолданып, сот шешімімен жүргізуші ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыппұл төлеп, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті бұзудың кез келген фактісіне қатаң әрі жедел әрекет ететінін мәлімдеді.