Ресейлік журналист соғыс туралы "фейк ақпарат таратқаны" үшін 7 жылға сотталды

Ресейлік журналист Евгения Балтатарова Ресейде "соғыс туралы фейк таратты" деген айыппен жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Бурятия тумасы Балтатарова 2022 жылдан бері Қазақстанда тұрып келген. Оның айтуынша, Ресейде оған қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Журналист 2023 жылдың соңында Қазақстаннан кетіп, Франциядан саяси баспана алған. Сот үкімі Ресейде сырттай шығарылған.
Айыптың негізі – Ресей Қылмыстық кодексінің 207.3-бабы: "Қарулы күштер туралы жалған ақпарат тарату". Бұл бап Украинадағы соғыс басталғалы бері оппозициялық журналистер мен қоғам белсенділеріне қарсы жиі қолданылып келеді.
«Сот цирк секілді өтті. Жағдай түсінікті: соғыс бар, ал бұл соғысқа қарапайым адамдардың еш қатысы жоқ. Бірақ олар қаза тауып жатыр. Осындай заңдардың бар екені – қайғылы жағдай», – деді Балтатарова.
2024 жылы Алматы қалалық соты оның саяси босқын мәртебесін беруден бас тартқан еді. Сот "207.3-баптың өзі саяси қудалауды дәлелдемейді" деп түсіндірген болатын.
Қазіргі таңда журналист Францияда тұрып, Ресейдегі репрессиялар мен Украинадағы соғысқа қарсы пікірлерін ашық білдіруді жалғастырып келеді.