Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:55

Ресейліктер қазақстандық әуе компаниясынан өтемақы өндіріп алды

1
Фото: ашық дереккөз

Вьетнамның Фукуок қаласынан Екатеринбургке бағыт алған SCAT Airlines әуе рейсінің жолаушылары Тараз әуежайында ұзақ кідірістен кейін әуе компаниясынан өтемақы алғандарын мәлімдеді.

Telegram-дағы Baza арнасының хабарлауынша, қаңтардың соңында ұшақ Таразға жанармай құю үшін жоспарлы түрде қонған. Алайда бір сағатқа созылады деп болжанған аялдау 23 сағатқа ұласқан. Соның салдарынан 217 жолаушы әуежайдың транзиттік аймағында қалып қойған. Жолаушылардың айтуынша, оларға қонақүй берілмеген, ал алғашқы тамақ сегіз сағаттан кейін ғана жеткізілген.

Үйге оралған соң жолаушылар бірігіп, шағым түсіруге шешім қабылдаған. Бастамашылардың бірі — заңгер Евгения Соболевская. Ол ортақ чат құрып, Таразда жүргенде-ақ тасымалдаушыдан кідіріс фактісін растайтын мөр басылған анықтамаларды алған. Кейін әуе компаниясына ресми талап-арыз жолдаған.

Жолаушылардың сөзінше, бастапқыда SCAT әр адамға 10 мың рубль өтемақы ұсынған. Алайда кейбір клиенттер бұл соманы жеткіліксіз деп тауып, көбірек төлем талап еткен. Нәтижесінде, туристердің айтуынша, әуе компаниясы шешімін қайта қарап, Фукуок - Екатеринбург бағыты бойынша билет құнын (30 818 рубль) толық қайтарған. Кейбір жолаушыларға төленген өтемақы одан да жоғары болған.

Бірқатар адам әуежайдағы ұйқысыз түннен кейін денсаулықтарының нашарлағанын және созылмалы аурулары асқынғанын айтқан. Жолаушылар өтемақы тек жеке-жеке жүгінгеннен кейін ғана төленгенін алға тартады.

Еске салсақ, 21 қаңтарда ұшақ жанармай құю үшін Таразға жоспарлы түрде қонған. Кесте бойынша аялдау бір сағатқа созылуы тиіс еді. Алайда ұшу бірнеше рет кейінге шегеріліп, салдарынан 217 адам, оның ішінде балалар да, әуежай аймағында  қалып қойған.

Әуе компаниясының өкілдерінің бірі ұшақ командирі техникалық ақау анықталған соң ұшуды жалғастырудан бас тартқанын хабарлаған. Оның айтуынша, командир өз өмірін қауіпке тігуден бас тартқан.

Тегтер: