Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Ресейліктердің әмиянындағы Freedom Bank

Фридом банк
Фото: ЖИ/ Жас Алаш

Ресей Украинаға шабуыл бастаған соң сансыз санкцияның шырмауына түсіп, әлемнен оқшауланып қалды. Бұл жағдайдың Қазақстанға да әсері аз болған жоқ. Басқасын айтпағанда, соғыстан қашқан ресейліктердің өзі бізді біраз әуреге салғаны жасырын емес.

2022 жылы қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин мобилизация жариялап, одан қашқан Ресей азаматы Қазақстанда қаптап кетті. Оның ел экономикасына зияны болмаса, пайдасы тиген жоқ. Қалыптасқан нарық ережесі бұзылып, зат қымбаттады, тұрғын үй бағасы шарықтап кетті. Ең қызығы, сол кезде өз елінен қашқан ресейліктерді Қазақстан билігі құшақ жая қарсы алып, төріне шығарған еді. Мысалы, сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайылов «қашқындарға» жұмыс қарастырып әуреге түсті. Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің экс-басшысы Бағдат Мусин Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ресейліктерге қалай құжат рәсімдеуді үйретті.

Елдегі барлық ХҚКО-да кезекте тұрған ресейліктер көбейген. Олар жаппай ЖСН ала бастады. ЖСН-ді шетелдіктер Қазақстаннан жылжымайтын мүлік сатып алу үшін немесе банктен шот ашу үшін алады. Әу баста шенділер Ресей азаматтарына ЖСН-ді иен-тегін таратты. Тіпті кейбіреулер ХҚКО-ға бармай-ақ құжат рәсімдеген көрінеді. 2022 жылы жалпы 734 мың шетел азаматы ЖСН алды деген ақпарат бар. Ел билігі жағдай ушыққанын кейін ғана байқап, ЖСН алу процедурасын біршама қиындатты. Ең маңыздысы, шетел азаматтарына ЖСН алу үшін ХҚКО-ға бару міндеттелді.

Осы қарбаласта көп адам заңсыз ЖСН алып үлгерген. Мұндай қауіп барын мамандар сол кезде-ақ ескерткен. Бірақ экс-министр Бағдат Мусин Еуразиялық одақ елдерінің кез келген азаматы ЖСН ала алады деп арқаны кеңге салып жүрді. Тіпті журналистер сұрағынан жалыққан Мусин бірде «Африка елінен келген азамат болса да Қазақстанның ЖСН нөмірін алуға құқығы бар» деп қолын бір-ақ сілтеген.

Мусин бастаған шенділердің қамсыздығы ЖСН-ді оңды-солды таратуға жол ашты. Мұны кейін Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура мойындады. Мысалы, биыл наурызда ҚР ІІМ Көші-қон қызметінің төрағасы Аслан Аталықов «ЖСН жөнсіз рәсімделген белгілі бір кезең болды. Қазір бұл жағдайлар бойынша тексеру шаралары жүріп жатыр» деп мәлімдеді. Ал қыркүйекте Бас прокуратура Солтүстік Қазақстан облысында 720 Ресей азаматына ЖСН нөмірі заңсыз берілгенін хабарлады. Бұл азаматтар Қазақстанға келмей-ақ құжат рәсімдепті. Бір ғана облыста осынша заңсыз ЖСН берілген болса, тұтас Қазақстандағы жағдайды шамалай беріңіз.

Айтпақшы, сол кезде заңсыз ЖСН рәсімдеу ісіне жергілікті «Азаматтарға арналған үкімет» МК филиалдары ғана емес, банктер де айыпталған. Мысалы, әлеуметтік желіде Freedom Bank Ресей азаматтарына ЖСН-ді күмәнді схемалар арқылы қашықтан рәсімдеуді ұсынды деген ақпарат тарады. Әрине, бұл ақпарат ресми расталған жоқ. Бірақ сондай сыбыстың болғаны рас.

Ресейде отырып, Қазақстан картасын алу

Жақында сол Freedom Finance компаниясына қатысты тағы бір дау шықты. Бұл жолы ресейліктер үйінде отырып, Қазақстанның банк картасын рәсімдеуге мүмкіндік алған. Карта Қазақстандағы жетекші банктердің бірі Freedom Finance арқылы жасалады екен.

Ресей қаржылық санкцияға ұшырағандықтан, олардың банк картасы халықаралық төлем жасауға жарамайды. Сондықтан тұрғындар халықаралық төлем жүйесіне кірудің балама жолын іздейді. Сұраныс бар жерде ұсыныс пайда болады. Кейінгі кезде әлеуметтік желіде Қазақстанның банк картасын елге келмей-ақ, ЖСН алмай-ақ рәсімдеуге болады деген жарнама көбейді. Мысалы, бізге сондай жарнаманың екеуі кездесті. Бірінде: «FINOMENAL компаниясы 10 000-нан аса ресейлікке халықаралық шот ашуға көмектесті» деп жазылған. Ал екіншісі: «Біздің бот сізге 24 сағат ішінде шетелдік картаны таңдауға және алуға көмектеседі. ChatGPT төлемінен тартып, Еуропа банкоматтарынан қолма-қол ақша алуға дейін мүмкіндікке ие боласыз. Сізден тек төлқұжат қажет» деп жарнамасын асырған.

Жақында National Business Kazakhstan мамандары зерттеу жүргізіп, Telegram желісінде Қазақстанның банк картасы онлайн рәсімделіп жатқанын анықтапты. «Зарубежные карты/FINOMENAL» атты telegram-арна «Қазақстан картасы: әлемнің әр түкпірінде төлем жасау мүмкіндігі» деп жарнама таратып, өз қызметін ашықтан-ашық ұсынып отыр. Әдетте банктен шот ашып, карта алу үшін ЖСН мен SIM-карта керек. Бірақ бұл арна ешқандай ЖСН мен қазақстандық SIM-карта қажет емес, тіпті Қазақстанға келмесеңіз де болады деп отыр.

Ең қызығы, 2025 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстан билігі шетел азаматтарына бірілген банк картасының жарамдылық мерзімін 12 ай деп белгілеген. Сондай-ақ Ресейдегі елшілік арқылы ЖСН нөмір беруді тоқтатқан. Банктен шот ашу үшін ЖСН керек, ЖСН алу үшін сөзсіз ХҚКО-ға бару керек. Яғни, шетелде отырып, ЖСН алу да, шот ашу да мүмкін емес. Бірақ біз сөз етіп отырған Telegram-арна осы екі ережені де жоққа шығарып отыр. Біріншіден, Ресей азаматы қазақстандық банк картасын өз үйінде отырып-ақ рәсімдейді. Екіншіден, карта 12 айға емес, 5 жылға жарамды болады.

Журналистер Telegram-арнадағы ботпен сөйлескен. «София» атты виртуалды кеңесші карта ашу үшін «Цифра банктің» шоты қажет екенін айтқан. Ал карта қазақстандық Freedom Finance арқылы рәсімделеді. Осы жерде бір қызық бар. «Фридом Финанс» Freedom Holding Corp. құрамына кіреді. Компания акциясының басым бөлігі (69,28%) бұрынғы Ресей азаматы, қазір Қазақстандағы ең бай бизнесмендерінің бірі Тимур Турловқа тиесілі. Ал «Цифра банк» Freedom Holding Corp. холдингінің бұрынғы ресейлік активі (холдинг Ресейден кеткенде оны сатып жіберген). Яғни, карта жасаушылар бір холдингтің ресейлік және қазақстандық активін біріктіріп жіберген.

Күмәнді схеманың артында кім тұр?

Freedom Holding Corp. холдингінің негізін миллиардер Тимур Турлов 2008 жылы қалаған. Компания өте жылдам дамып, халықаралық деңгейге жетті. Турлов та тым тез байыды. Көпшілік осы түйінге назар аударып, холдингтің өсу жолына күмәнмен қарайды. Тіпті кей сарапшы Турловты әлдебір ықпалды тұлғалардың «әмияны» деп те атайды. Мұндай сыбысты миллиардер өзі жоққа шығарған. Дегенмен компания табысы сұрақ туғызбай қоймайды.

2022 жылы Ресей санкцияға ұшыраған соң Турлов Қазақстан азаматтығын алды. Сол кезде Freedom Holding Corp. Ресейдегі активтерін сатты. Бірақ бұл формалды түрде болған сияқты. Өйткені «Цифра банк» Freedom Holding-тің бұрынғы инфрақұрылымын пайдаланып, қызметтік байланысын сақтап қалды. Ресейдегі «Цифра банк» пен Қазақстандағы «Фридом банктің» сайты, қосымшасы, жұмыс жүйесі өте ұқсас. Логотипі де бірдей. Ендеше, картаны Қазақстандағы Freedom Finance беріп, есепшотты Ресейдегі «Цифра банктің» ашқаны сәйкестік пе? Бұл өзара байланысты екі құрылым арасындағы ресми емес, бірақ тиімді серіктестік сызбасы болуы әбден мүмкін.

Компания атына қатысты дау шығып, ауыр айып тағылып жатса да Freedom Holding ешқандай ресми ақпарат таратқан жоқ. Банк картасы шетелдіктерге заңсыз беріліп жатқанын растаған жоқ, жоққа да шығармады. Біз компанияның баспасөз қызметіне хабарласып, БАҚ-тағы ақпараттың шын-өтірігін сұрадық. Сондай-ақ ЖСН мен SIM-картасыз банк шотын ашуға болатын-болмайтынын анықтауға тырыстық. Бірақ компания өкілдері сұрақты электронды-поштаға жіберуімізді сұрап, ауызша ақпарат беруден бас тартты («Жас Алаш» арнайы сауал да жолдаған, газет беттелгенше ешқандай жауап келген жоқ).

Мұндайда аты аталған банк қана емес, Қазақстан ұлттық банкі, цифрлы салаға жауапты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Экономика министрлігі де аттандап алға шығып, жағдайды бақылауға алса жарасар еді. Бірақ бұл мекемелердің бәрі үнсіз жатыр. Біз Ұлттық банкке бірнеше мәрте хабарласып, байланысқа шыға алмадық. Шамасы ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов түк білмегендей, тыныш жатуға бел буған сияқты. Ресейде бес жыл тұрып, мемлекеттік тілді ұмытып қалған шендінің бұл үнсіздігін түсіну қиынға соғып тұр.

Құпия картадан Қазақстанға қандай қауіп бар?

Ресей азаматтары Қазақстанның виртуалды картасын пайдаланып, халықаралық санкцияларды айналып өтіп, төлем жасауға мүмкіндік алып отыр. Яғни, ол ресейліктер үшін әлемдік төлем жүйесіне қайта қосылатын бірден-бір жол. Ал Қазақстан үшін қаржылық және дипломатиялық тұрғыда үлкен қауіп. Бұл әрекеттің біздің елге тигізетін стратегиялық тұрғыдағы салдары ауыр болуы мүмкін.

Біріншіден, Ресей Қазақстан атын пайдаланып, санкцияны айналып өткені анықталса, біздің елге қарсы екінші деңгейлі санкциялар енгізілуі мүмкін. Екіншіден, бұл карталар шетелге ақша жылыстату құралына айналады. Үшіншіден, заңсыз карта жасалғаны анықталса, әлемдік төлем жүйесінің Қазақстанға сенімі әлсіреп, Visa және Mastercard қосымша бақылау тетігін енгізуі мүмкін. Төртіншіден, Қазақстан қаржы секторының имиджіне нұқсан келіп, әлем бізді «санкцияның транзит алаңы» ретінде тануы мүмкін. Бұл елдің инвестициялық климатын нашарлатып, инвесторларды шошытады.

Демек, Қазақстанның банк картасын шетелдіктерге оңды-солды тарата беру дұрыс емес. Биыл жыл басында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 2022-2024 жылдар аралығында жеке сәйкестендіру нөмірі бар 695 мыңға жуық ресейлік жергілікті банктерден карта алғанын хабарлаған. Сондай-ақ жақында Тhreads әлеуметтік желісінде бір оқырман «барлық ресейлік туристе Фридом картасы бар» деп жазғанын көзіміз шалды. Осы ақпараттарға сүйеніп, елдің банк жүйесі бақылаусыз кеткенін байқауға болады. Әсіресе, Freedom Finance компаниясы тым бейқам, арқасын Ресейге сүйейтіндей.

Қуаныш Қаппас