Ресеймен бірдей көзқараста бола алмаймыз
ТМД қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы жұмыс кестесі бойынша ертеде жобаланған болуы керек. ТМД Жарғысы бойынша жылында осындай екі отырыс өтуі қажет.
Ал Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов өздерінің мүддесін осы жиналысқа салып, миссиясын орындауға құлшынып отырғаны әңгіме барысынан көрініп тұрды.
Қорғаныс министрлерінің кеңесі – ТМД-ға мүше мемлекеттердің әскери саясаты мен әскери дамуы мәселелері бойынша ТМД мемлекет басшылары кеңесінің органы саналады. Андрей Белоусовтың «әлемдік жағдай ТМД елдерінің әскери ведомстволарының туындап жатқан қиындықтар мен қауіптерді бағалауға бірыңғай көзқарасын талап етеді» деп отырғаны осы себептен болар.
Бірақ бұл арада бірнеше сұрақ туады. Әлемде болып жатқан жағдайлардың белгілі бір бөлігіне Ресейдің өзі себеп болып отыр. Белоусов басқа елдердің мүддесіне кері әсерін тигізетін сөз айтты, сол себептен «бірыңғай көзқарас» бола қоймайтын шығар.
Қазір әлемде болып жатқан оқиғалар жайлы айтсақ. Жақында Трамп пен Си Цзиньпин Оңтүстік Кореяда кездесіп, кейбір мәселелер туралы бір мәмілеге келгендей болып, тіл табысты. Қытай басшысы сирек кездесетін металдарды АҚШ-қа сатып, ол елден соя өнімдерін бір жыл алып тұруға келісімін берді. Бірақ Қытай келер жылдың қарашасында соя өнімдерін алмайтын болса, АҚШ-тың соя өнімдерін экспорттайтын фермерлерінің жағдайы қиындайды. Трамп шыққан республикалық партияға сол фермерлер дауыс берген, демек фермерлер дауысы болмаса, партия келер жылы қарашадағы сайлауда жеңіліп қалуы мүмкін. Ал Конгресте республикалық партияның өкілдері азайса, президент Трамптың бұйрықтары өтпей қалуы мүмкін. Партиясы Конгресте басым болмаса, Трамп ойыншық болып қалады. Трамп оны жақсы біледі. Яғни, Қытай Трамптың әлсіз тұсын дәл тауып отыр. Оның үстіне Трамп Ким Чен Ынмен кездесе алмады, бұған да Си-дің ықпалы болды.
АҚШ болса тарифін төмендетіп, Қытайдың Ресейден алып жатқан мұнайы туралы әңгіме көтермейтін болып келісті. Бірақ Аляскада мұнай көзін Қытай және басқа бір-екі елмен бірге пайдалануға келісіп отыр. Осы арқылы Трамп бір оқпен екі қоян атып алуы мүмкін. Қытаймен қарым-қатынасын түзеп, Бейжіңнің бетін Ресейден өзіне бұрып алмақ. Ал Қытай Ресейге ықпал етіп, Украинамен соғысты тоқтатуға атсалысуы мүмкін. Сондай-ақ АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы жүргізген шаралары нәтиже берсе, мұнай саласында өзгеріс болып, Ресейге әсер етуі мүмкін.
Индия мен Түркия мұнайды Ресейден алуды уақытша тоқтатты. Ресейдің «Роснефть», «Лукойл» сияқты маңызды компанияларына АҚШ халықаралық санкция жариялады. «Лукойл» шетелдердегі ірі өндіріс орындарын қысқа мерзімде сатуға мәжбүр болды. Әрі оларды су тегінге сатып жатыр. Аталған сауданың қорытындысында «Лукойл» өз елінде ғана маңызы бар компания болып қалмақ.
Осы оқиғаларды ескерсек, Ресейдің мұнай өндіріп, оны шетелге сату мүмкіндігі көп деп айту қиын. Демек мұнай саудасынан түсетін табыс азая бермек. Қазір Ресейдің қаржы қоры тапшылыққа ұшырап отыр. Халықаралық санкцияның құрсауына түсіп, технология жағынан шектеу астында қалды. Украина соққы беріп, мұнай өңдеу өндірісі 20 пайыздан аса шығынға ұшырады. Бір сөзбен айтқанда, Мәскеудің қаржы жағдайы, жанармай жүйесі, технологиялық мүмкіндігі қиындап кетті. Ал мұндайда Андрей Белоусовтың «ұлттық армияларды заманауи қару-жарақпен жабдықтау» жайлы айтқаны шындыққа жанаса қоймайды.
Екінші айта кететін жағдай, Белоусов «Біз бірлескен жедел және жауынгерлік дайындық іс-шараларын кеңейтуге және Украинадағы арнайы әскери операция кезінде жинақталған тәжірибемен бөлісуге бел будық» деді. Оның бұл сөзіне де күмән бар. Бір шаршы шақырымды жаулап алу үшін мыңдаған жауынгердің жас өмірін қияды. Сол өзі айтып отырған соғысы 3 жыл 11 ай бойы жалғасып жатыр. Әу баста үш тәулікте аяқтаймыз деген соғысты төрт жылға созды. Ал жеңістің әлі қарасы да көрінбейді. Мұндайда қандай тәжірибе бөліскелі отыр?!
Бұл – ТМД-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері кеңесінің 85-отырысы. Оған 7 елдің қорғаныс саласындағы шенділері қатысты. Негізі жиынға қатысатын мемлекеттер саны бұдан көп болуы керек еді. Геосаяси жағдайға байланысты олардың саны кеміп кетті. Бұл да қазіргі жағдайдың анықтаушы барометрі саналады.
Ермек Сейітбатталов,
әскери сарапшы