Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:21, 11 Қаңтар 2024

Ресеймен сөзсіз қанқұйлы соғыс болады – саясаттанушы

 Юрий Фельштинский
Фото: из открытых источников

АҚШ-тың әскери сарапшысы, саясаттанушы Юрий Фельштинскийдің берген пікірлері әлемдік басылымдарда желдей есуде. Себебі пікірінде тікелей алдағы жылдардағы Украина мен Ресей арасындағы соғыстың халықаралық саясатқа қалай әсер ететіндігі жөнінде сөз қозғалған. 

Жалпы Украина соғысында неге Батыс соңғы уақытта нақты шешімдер шығармай жатыр. Саясаттанушы 2024 жыл АҚШ үшін, Батыс үшін қалай болатынын, екі ел арасындағы байланыстар тікелей саяси процестерге байланысты екендігін айтты.

«Қазіргі уақытта Батыстың алдағы саясаты АҚШ-тағы президенттік сайлауға тікелей байланысты. Егер 2025 жылы 20-қаңтарда АҚШ-та президенттік таққа Трамп отырса, онда ол өзінің айтқан саяси мәлімдемелерін іске асыруды бастайды. Соның бірі АҚШ-тың әскерін Еуропадан әкету, НАТО-дан шығып кетуі де мүмкін және Путинге Украинаны, артынша ЕО-ны талауға мүмкіндік беруі бек ықтимал.

Трамп келсе Украинадағы соғыс АҚШ-тың қатысуынсыз өтеді. Бұл өте қиын жағдай болмақ. Өйткені Еуропа елдері АҚШ-тың ядролық қалқан болып тұрған қорғанысынсыз қалуы мүмкін. Өйткені Еуропада ядролық қару тек Ұлыбритания мен Францияда ғана бар, ал олардың ядролық қару саны Ресейдің ядролық қаруынан ондаған есе аз. Бір сөзбен айтсам АҚШ НАТО-дан шығып, Еуропадан әскерін әкетсе, онда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан күш балансы түбегейлі бұзылады. Міне, осыған сай Еуропа елдері АҚШ-тағы сайлауға қарап, Украина соғысында нақты шешімдерден қашқақтауда», - деді ол.

Қазір Путин қуатты коалиция құра алды дейді кей сарапшылар. Еуропа елдері жаппай қорғанысқа көшуге тиіспіз дегенді айтуда. Ресейдің Балтық елдеріне жасауы мүмкін шабуылы да сөз болуда. Осы тұста әскери сарапшы соғыс болған жағдайда Еуропа АҚШ-сыз және ЕО-дан шығып кеткен Ұлыбританиясыз өзін қорғай алатын, ұрыстан еш қашпайтынын жазды.

- Ұлыбритания өзін өте сенімді одақтас, серіктес екенін көрсетті. Лондон Киевке үздіксіз көмек көрсетуде. Саяси, экономикалық, әскери тұрғыдан. Оның бір себебі Ресейге деген тарихи бәсекелестік болса, тағы бір себебі 1939 жылы Ұлыбританияның өзі қазіргі Украина күйіне түскен еді. Ағылшындар жалғыз күресудің қаншалықты қиын екенін жақсы біледі. Балтық елдері, Польша және Скандинав елдері де оны жақсы түсінеді. Себебі олардың Ресеймен ортақ шекарасы және тарихи қақтығыстары бар.

Германияның да қолдауын еске алайық. Украинаны барынша қолдауда. О бастағы саяси сенімсіздік қазір Украинаны қолдаудағы қуатты күшке ұласты. Олар екінші дүниежүзілік соғыста қазіргі Ресейдің позициясында болды. Германия қоғамы одан сабақ алды және өзгере білді. Соғыстан кейін Германияда пацифизм саясаты күшейді және қоғам трансформацияланды. Ұзақ жылдар бойы Берлин ірі қақтығысқа қатыспады. Алайда Ресейдің Еуропаға қайта соғыс бастауы немістерге агрессиялық жағдайдың өзгергенін көрсетті. «Қақтығыстарды келісім арқылы шешу керек» дейтін Германия енді ол ұстанымның қирай бастағанын көріп отыр. Сәйкесінше енді Германия қарулы күштерін күшейтіп, Еуропаны да қорғайтын қуатқа ие болу керек деген ұстанымда. Сондықтан Ресеймен Еуропа АҚШ-сыз да соғысуға дайын. Әрине қиын болады, алайда ұрыстан қашпайды, - деп баға берді ол. 

Украина жеңілсе, «ұжымдық Батыс» деген түсінік жоғала ма?

Сарапшының ойынша, Мәскеудің алдында ешкім тізе бүгуді ойлап отырған жоқ.

Нацистік Германия алдында қиын жағдайда қалған Ұлыбритания капитуляцияға қол қоймаған сияқты, Кремль алдында тізе бүгу де ақымақтық болар еді. Өйткені қазір тек екі әскер соғысы емес, екі көзқарас, өркениет пен құлдырау арасындағы тартыс болып жатыр. Мәскеудің ойы тек қирату, жою. Бұл қызыл сөз емес, факт. Украинада ірі қалаларды басып алуға, Киевті алуға шамасы келмеген Мәскеу кіші қалаларды қиратып жатыр. «Басып ала алмасаң, онда қиратып таста» деген ұстанымда отыр. Дәл осы саясатты олар Шешенстанда, кейін Сирияда іске асырды. Қазір Украинада жасап жатыр. Қазір тіпті өзін ең оптимист дейтін адамның өзі Путин Украинаны алса, Еуропаға не боларын түсінеді деп ойлаймын.

Саясаттанушы бүгінде Еуропаны құтқарып тұрған Украина әскері екенін алға тартты. Әйтпесе Ресеймен сөзсіз қанқұйлы соғыс болар еді деп болжады. Бұл айтқанынан мыңдаған сарбазын құрбан еткен Украина Ресейді Еуропаға шабуылдауына тосқауыл боп, тоқтатып тұрғанын аңғарамыз. Қысқаша айтқанда, Украина Еуропаға уақыт ұтып берді.

Юрий Фельштинский әлемдегі жағдайдың ушығуын Үшінші дүниежүзілік соғыспен байланыстырды. Оның ойынша, соғыс әлдеқашан басталып кеткен. Ол 2023 жыл 2022 жылмен салыстырғанда ушыққан күйде өтсе, 2024 жыл 2023 жылмен салыстырғанда қиын, қақтығысқа толы өтеді деп болжады. Ол Дүниежүзілік соғыстың тарихына қатысты айтқан ойында, бұл соғыс АҚШ-тың араласуынан кейін ғана аяқталған.

«Иа, АҚШ кей соғысқа кешігіп кірді, бірақ нүктесін АҚШ-тың экономикасы, әскери көмегі және қаруы қойды. Егер Трамп президент болып, АҚШ-ты оқшаулаймын десе, онда ол қателеседі. Вашингтон оның саясатының кесірінен Үшінші дүниежүзілік соғысқа кешігіп кіруі ықтимал. Менің ойымша АҚШ Ресейдің күшін тым жоғары бағалады. Мақтаулы Ресей әскері Украинада ауыл-аймақтың маңында тапталып айлар бойы жүретінін білсе, мүмкін НАТО 2022 жылдың 25-ақпанында Украинаға әскер кіргізер ме еді...» - деп қорытындылады ол өз сөзін.